Қытай автонарықта көш бастауда; Батыстың көлік өндірушілері алаңдаулы

/uploads/thumbnail/20260528130457618_big.webp SM

Бір кездері әлем автонарығы десе Toyota, Honda, Volkswagen, Ford Motor Company сияқты алпауыттар еске түсетін. Ал Қытай көліктері арзан, сапасы төмен, көшірме өнім ретінде қабылданатын. Алайда соңғы бірнеше жылда жағдай түбегейлі өзгерді.

Қазір әлемнің ірі автокомпаниялары Қытайдың технологиялық қарқынына ілесе алмай жатқанын ашық айта бастады. 

Электромобиль дәуірінде Қытай алға шықты

Қытай бүгінде электр көлігі, аккумулятор өндірісі, көлік бағдарламалық жүйелері, жасанды интеллектпен басқару, автоматтандырылған өндіріс салаларында әлемдік жетекші күштердің біріне айналып келеді. 

Мәселе тек электромобильде емес.

Қытай көлікті мүлде жаңа технологиялық өнімге айналдырып жатыр. Көлік енді «дөңгелекті компьютерге» айналуда. 

Бүгінгі жаңа қытайлық көліктер смартфонмен байланысады, үйдегі ақылды құрылғылармен жұмыс істейді, интернет арқылы жаңарып отырады, жасанды интеллект көмекшілерін қолданады. Яғни қазіргі автомобиль: жай қозғалтқыш пен темір емес, бағдарламалық жүйеге айналып барады.

Xiaomi небәрі екі жылда көшбасшылар қатарына кірді

Xiaomi компаниясы алғашқы электр көлігін тек 2024 жылы шығарған. Соған қарамастан, 2026 жылы Қытайдағы ең көп сатылатын брендтердің біріне айналды. 

Компания зауыттарында автоматтандыру деңгейі өте жоғары. Кей өндіріс желілерінде әр 76 секунд сайын бір көлік дайын болып шығады. 

Қытайлық зауыттар Батысты таңғалдырды 

Жапонияның Honda компаниясының басшысы Қытайдағы жаңа буын зауыттарын көргеннен кейін «Бұлармен бәсекелесу өте қиын» деп мәлімдеген. Ал Ford Motor Company басшысы «Бұл біздің өміріміз үшін күрес» деп ашық айтты.

Қытай неге тез дамып кетті?

Сарапшылар бірнеше негізгі себепті атайды.

Біріншіден — мемлекеттік қолдау

Қытай үкіметі:
электр көлігі өндірісіне,
аккумулятор технологиясына,
өндіріс инфрақұрылымына
ондаған миллиард доллар инвестиция салды.

Екіншіден — ішкі бәсеке өте күшті

Қытайда:
BYD
Nio
XPeng
Huawei
Xiaomi
бір-бірімен өте қатты жарысуда.
Сол себепті инновация жылдам жүріп жатыр. Қытай ішіндегі өндірістік хабқа айналған провициалар арасында өзара әсекелестік өте күшті. Сонымен қатар, Қытай жаңа технологиялық экожүйе құруда.

Батыс енді Қытайдан үйрене бастады.
Бір кездері Қытай Батыстан технология алатын.

Қазір керісінше жағдай байқалады. Мысалы: Volkswagen қытайлық XPeng компаниясының бағдарламалық жүйелерін қолдана бастады. Кей батыс компаниялары қытайлық платформаларды өз көліктеріне енгізіп жатыр. 

Әлемдік нарықтағы күш орталығы өзгеруде

Бұрын:

Германия — инженерлік сапамен,
Жапония — сенімділікпен,
АҚШ — технологиялық жаңашылдықпен
танылған еді.

Ал қазір электр көлігі өндірісіндегі негізгі күш орталығы біртіндеп Қытайға ауысып бара жатыр.

Еуропа мен АҚШ қорғануға тырысуда

Еуропа Одағы Қытай көліктеріне жоғары кедендік баж енгізуде. АҚШ-та кей қытайлық көліктерге салынатын тариф 100 пайыздан асты. 

Алайда сарапшылар мұндай шектеулер Қытайдың өсуін толық тоқтата алмайды деп есептейді. 

Бұл Қазақстанға қандай сабақ береді?

Қазақстан үшін негізгі сабақ: болашақта тек шикізатқа сену жеткіліксіз. 

Қытай тек көлік шығарған жоқ, толық өндірістік тізбек құрды, технология, бағдарламалық жүйе, аккумулятор, жасанды интеллект, робот техникасын бір экожүйеге біріктірді. 

Қытайдың автомобиль саласындағы серпілісі — жай ғана көлік өндірісінің өсуі емес. Бұл — әлемдік өнеркәсіптік күштің біртіндеп Азияға ауысып жатқанын көрсететін үлкен өзгеріс.

Ал болашақта автомобиль жай көлік емес, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін жоғары технологиялық құрылғыға айналуы мүмкін.

Связанные Статьи