Елбасы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Смарт Сити» қалалық ортаны басқару жүйесінің тұжырымдамасын енгізуге ерекше мән қойды. Халықаралық тәжірибе бойынша «Ақылды қала» жүйесі қаладағы көшелерді жарықтандыруға берілетін электр энергиясын 60 пайызға дейін, коммуналдық желілер мен жылуды қолдану қызметтерін 30 пайызға дейін, электр энергиясына жұмсалатын есеп-шоттарды 26 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. «Ақылды қаланы» дамыту «Цифрлы Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасының бір бөлігі болып саналады. Үкіметтің «Smart Сіty» жобасын енгізу жоспарында еліміздің 5 ірі қаласы бар – Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Ақтөбе.
Алматы қаласында «Smart Almaty»-ның 7 негізгі жобалық бағыты бар:
– Жайлы қала (көшелерде жаяу жүргінші жолдарын жасау, бақтар мен саябақтарды қайта жөндеуден өткізу);
– «Open Almaty» ( «бір терезе» принципі бойынша Алматы қаласы әкімшілігінің қоғамдық қабылдауы);
– Тұрғындарға арналған қолжетімді сервис (Пәтер иелерінің кооперативінің онлайн режимде жұмыс істеуі, жылу және су магистральдарындағы ысырап мониторингіне арналған ІoT датчиктерін қолдану);
– Ашық бюджет, Ашық деректер (almatygenplan.kz порталының жұмысы, Open Data-да бюджет жобалары мен есептерін жариялау);
– Зияткерлік Көлік жүйесі және Қауіпсіз қала (қаланың көлік желілерін бір жүйеге интеграциялау, қоғамдық көліктерге жол жолақшаларын жасау, вело-дәліздер, тұрақтар және жаяу жүргінші жолдары, жолдар мен қоғамдық орындарды бейнетіркеу).
Алматы ақшамы