Мейірімді қоғам азаматтарын қалыптастыру - заманауи университеттер миссиясы

/uploads/thumbnail/20180425105212196_small.jpg

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты бағыты белгіленген. Олар бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы. Осы бағыттардың әрқайсысы жастарға, соның ішінде жоғары оқу орындарының студенттеріне тәрбие беру жұмысына тікелей қатысты. Бұл отандық университеттердің осы жұмысқа белсенді араласуын талап етеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында шығып жатқан материалдар осы маңызды жұмыстың бүкіл республика көлемінде басталып кеткендігін байқатады.

Тарихтан белгілі, алғашқы университеттер студенттерге білім берумен ғана шектелген болатын (1.0 Университеттері). Олардың орнына білім берумен қатар, студенттерді ғылыми зерттеулерге араластыратын екінші буын университеттері келді (2.0 Университеттері). Бүгінгі күні, заманның өзгеруіне байланысты, студенттердің білім алуы мен ғылыми зерттеулеріне қоса, осы ғылыми жұмыстардың өнімін сату жұмысы да қосылған (яғни коммерцияланған) үшінші буын зерттеушілік университеттер пайда болды (3.0 Университеттері).

Жаһандану заманының қауіп-қатерлері, әсіресе, батыс елдерінің философиясы мен құрылымдық ағымдарға жастардың көптеп ұрынып жатқандығы, олардың ұлттық нақыштағы рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу мәселесін туындатты. Осы жаһандық қауіпке отандық университеттердің жауабы ретінде төртінші буын университеттерін (4.0 Университтері) қалыптас­тыру қажеттілігі жөнінде идея пайда болды. Оның авторы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, белгілі ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Ғалымқайыр Мұтанов.

Бұл идея біздің қазақстандық жоғары білім саласымен шектеле алмайды, өйткені оның ауқымы, жаһандық қатерлерге төтеп беру потенциалы, өзектілігі, қоғамның қажеттіліктеріне жауап беруі халықаралық деңгейге сай болып отыр. Сондықтан да төртінші буын университеттерін қалыптастыру идеясының алғаш рет 2017 жылдың 28 қараша күні Елбасының Беларусь Республикасына ресми сапары шеңберінде өткізілген Қазақстан мен Беларусьтің жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттары арасындағы Ғылыми әрі білім беру консорциу­мының қызметін үйлестіру бойынша Жұмыс комиссиясының VІ отырысында тұсауы кесілген болатын. Бұл кездесуге екі елдің Білім және ғылым министрліктерінің, елшіліктерінің ресми өкілдері мен 40-тан астам қазақстандық және беларусьтық жоғары оқу орындарының ректорлары қатысқан еді. Осы жиында төртінші буын универ­ситеттерін қалыптастыру идеясы қабыл алынып, оның халық­аралық деңгейдегі орасан зор потенциалы жөнінде әңгіме болды.

Бүгінгі күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шеңберінде «Al-Farabі Unіversіty SMART Cіty» арнайы жобасы жүзеге асырылуда және бұл жоба толығымен төртінші буын университеттері идеясына негізделген. Жобаның қос тірегі бар, олар, біріншіден, инновациялық экономиканы дамытудың «өсу нүктесін» (ғылыми-инновациялық дәлізді) қалыптастыру, екіншіден, әлемге жаңа көзқарасты дамытудың «өсу нүктесін» (рухани, зияткерлік платформаны) қалыптастыру.

Осы рухани платформа екі жоба арқылы қалыптастырылу үстінде, олар – «Буындарды тоғыстыратын жасыл көпір» (Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберіндегі жоба) және «Мейірімді қоғам аза­маттарын қалыптастыру. Заманауи университеттердің миссиясы» («БҰҰ Өркениеттер альянсы» шеңберіндегі халықаралық жоба) жобалары.

Әрбір жоба, өз кезегінде нақты іс-әрекеттер арқылы іске асырылуда. Мысалы, «Мейірімді қоғам азаматтарын қалып­тастыру. Заманауи университеттердің миссиясы» жобасы 2013 жылы университеттің Ғылыми Кеңесінде «Аl-Farabі unіversіty – smart cіty» жобасының тұжырымдамасын бекітуден бастама алды. 2014 жылы мейірімді үй, яғни смарт-университет (ақылды университет) үлгісін сыннан өткізу алаңына айналған «Керемет» деп аталатын студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылып, осы жерден  жоғары этика стандарттары негізінде «бір терезе» қағидасы бойынша 500-ден астам қызмет түрі көрсетілуде. 2016 жылы «Аl-Farabі unіversіty – smart cіty» жобасын жүзеге асыру тәжірибесі Бакуда өткен «БҰҰ Өркениеттер альянсының» VІІ Жаһандық форумында қалың жұртшылыққа ұсынылып, халықаралық деңгейде жоғары бағаланды әрі қолдау тапты.

2017 жылы «БҰҰ Өркениеттер альянсының» Жоғарғы өкілі Насыр Абдулазиз Әл-Насырдың университетке ресми келуі кезінде «Мейірімді қоғам азаматтарын қалыптастыру. Заманауи университеттердің миссиясы» біріккен жобасын іске асыру жөнінде келісімге қол қойылды.

Сөйтіп әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шеңберінде Елбасымыз, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қоғам алдына қойған үлкен міндеттер ғылыми негізделген түрінде жүзеге асырылуда. Университет қауымы, оқытушылар мен студенттеріміз де ректор Ғ.Мұтановтың басшылығымен үлкен мәні мен маңызы бар миссияны табысты орындауда.

Бұл бірегейлік тәжірибесімен университет басқа отандық жоғары оқу орындарымен бөлісуге дайын. Бірқатар универси­теттер ҚазҰУ тәжірибесімен танысып, оны өздерінің қызметінде де пайдалануда.

Сағынғали Айдарбаев,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Халықаралық қатынастар факультетінің деканы,

заң ғылымының докторы, профессор

Алматы ақшамы

Связанные Статьи