ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінде Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдері қай елдерге кетіп жатқаны айтылды. Бұл жайында Qamshy.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қазір экспорт саласында қарқынды даму байқалады.
«800 тауар позициясында 122 елге өз тауарларымызды экспорттаймыз. 30 пайыздық өсім бар», - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысында.
«2017 жылы ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау ісі 12,5 пайызға өсті. Негізгі нарық – Өзбекстан, Ауғанстан, Ресей, Тәжікстан, Иран, Қырғызстан, Түркия, Италия және Латвия елдері. Ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау көлемі ұлғайып келеді», - деп мәлімдеді ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Арман Евниев.
Оның сөзінше, негізінен бидай, ұн, май, арпа, өсімдік майы, мақта талшықтары мен бұршаққа сұраныс көп.
«Бүгінде қытай нарығы балық өндіру, қой шаруашылығы, ара шаруашылығына және жылқыларға, сондай-ақ бидайға, кебек пен сояға ашық. Иранға тірі, мұздатылған және салқындатылған қой етін жеткізуде кедергілер жойылды. Нәтижесінде 2017 жылы Иранға алғаш рет 4 763 бас тірі қой жөнелтілді. Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі қара мен ұсақ малды жеткізуде кедергілер жойылды. Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктеріне ет пен ет өнімдерін, тауық жұмыртқалары мен үй құстарын жеткізуде бөгет болмайды», - деп атап өтті вице-министр.