Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді

/uploads/thumbnail/20180502163934727_small.jpg

Кеше ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Шора Сарыбаев өмірден өтті. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен тілші-ғалымның соңында мол мұра қалды. Qamshy.kz ақпарат агенттігі марқұмның ғылыми-ұстаздық қызметіне шолу жасап, оқырман назарына ұсынады.

Сарыбаев Шора Шамғалиұлы 1925 жылы Ташкент қаласында туған. Тіл білімі маманы, филология ғылымдарының докторы (1974), проф. (1979), ҚР ҰҒА-ның академигі (1983), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1985). ҚазМУ-ді (1950), оның аспирантурасын (1953) бітірген. 1954 – 95 жж. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы бөлімінің меңгерушісі (1954 – 60, 1967 – 95), институт директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 1995 жылдан осы институттың бас ғылыми қызметкері. Ғылыми-зерттеу еңбектері диалектология, морфология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, аударма, есімнама, алтаистика мәселелеріне арналған. 250-ден астам ғылыми мақалалар мен оқулықтары, монографиялары жарық көрген. Ш.Сарыбаев проф. С.Аманжоловтың тілдегі диалектілерді топтау теориясын әрі қарай дамытты, диалектология саласындағы терминдердің қалыптасуына атсалысты. “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігін” (1966), “Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігін” (1969), “Жаңа атаулар сөздігін” (1992) құрастырушылардың бірі. “Қазақтың аймақтық лексикографиясы” (1976) монографиясы – түркітану ғылымында аймақтық лексикография теориясына арналған алғашқы еңбек. Ш.Сарыбаев “Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткіші” атты 6 томдық (1-т. 1965; 2-т. 1971; 3-т. 1977; 4-т. 1982; 5-т. 1987; 6-т. 1994) еңбегі арқылы қазақ тіл білімінің тарихын зерттеу ісіне зор үлес қосты. Ол “Түркітану әдебиетінің библиографиясын” (1989) бастырып шығарды. Қазақ тіл білімі саласында қорғалған 1000 кандидаттық, докторлық диссертациялардың библиографиялық көрсеткішін құрастырды (2000). Ол 1965 ж. АҚШ-тағы Гарвард корпорациясының мүшелігіне сайланған, ГФР-да (1975), Түркияда (1994) өткен халықаралық конгресс, конференцияларда баяндамалар жасаған. Сарыбаев “Құрмет”, «Парасат» ор денімен марапатталған.

 

Шығармалары

  • Междометие в казахском языке, Алматы, 1959;
  • Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер, Алматы, 1960;
  • Современный казахский язык, Алматы, 1962 (телавт.);
  • Қазақ тілінің грамматикасы, Алматы, 1966 (телавт.);
  • Қазақ диалектологиясы, Алматы, 1967 (телавт.);
  • Қазақ, моңғол тілдерінің туыстығы жайлы, Алматы, 1967;
  • Монгольско-казахские лексические параллели, Алматы, 1971;
  • Қазақ тілінің тарихи грамматикасы, Алматы, 1975 (телавт.);
  • Казахская региональная лексикография, Алматы, 1976;
  • Қазақ тіліндегі аймақтық лексика, Алматы, 1989 (телавт.);
  • Қазақ тіл білімі мәселелері, Алматы 2000;
  • Қазақ тілінің аймақтық сөздігі, Алматы, 2005 (телавт.).

 

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ

АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ Ш.Ш.САРЫБАЕВТЫҢ ҒЫЛЫМИ, ІІЕДАГОГИКАЛЫҚ

ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ

 ҚЫСҚАША ОЧЕРК

 

Қазакстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Ш.Ш.Сарыбаев 1925 жылы наурыз айының 2 күні Ташкент қаласында әйгілі ағартушы, әдіскер ғалым Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың отбасында дүниеге келді. Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебін, 1945-1950 жылдары ол кезде С.М.Киров аталған Қазақтың мемлекеттік университетінде оқып, оны бітіргеннен кейін қазақ тілі кафедрасында аспирантураға қалдырылады. 1954 ж. проф. М.Балақаевтың жетекшілігімен “Қазақ тіліндегі одағайлар” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Сол жылдан бастап осы күнге дейін қол үзбей ҚР ҰҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында еңбек етіп келеді. Алғашқыда аға ғылыми қызметкер, одан кейін 30 жылдан астам уақыт қазақ тілі тарихы мен диалектология бөлімінің меңгерушісі, ал 1979-1987 жылдары Тіл білімі институты директорының орынбасары болып қызмет атқарды. Қазір институттың бас ғылыми қызметкері болып жемісті жұмыс істеп келеді.

1974 ж. докторлық диссертация қорғады. 1983 ж. Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның корреспондент мүшесі болып сайланды. Ш.Сарыбаевтың шығармашылық шеңбері кең ауқымды, әр алуан. Ғалымның қаламынан 250-ден астам ғылыми мақалалар, монографиялық еңбектер, оқулықтар мен сөздіктер жарық  көрген.  Оның еңбектері тек Қазақстан емес, бұрынғы Одақ көлемінде шығып тұрған “Вопросы языкознания”, “Советская тюркология”, “Народы Азии и Африки”, “Советское востоковедение” тәрізді ғылыми-теориялық журналдарда және шетел баспаларында жарық көрді. Ғылымның біралуан еңбектері қазақ тілінің өзекті салаларына, атап айтқанда, қазақ тілі тарихына, диалектология, лексикология, лексикография, грамматика, т.б. проблемаларға арналған. Осылардың ішінен “Сүйген іс сүйкімді келеді” дегендей, бар күш-жігерін сарп етіп зерттеген екі саланы ерекше бөліп атауға болады. Оның бірі – диалектология болса, екіншісі – тіл білімінің тарихы. Ғалым еңбектерінің үштен бір бөлігі диалектология мәселесін зерттеуге арналған. “Кен байлығы жерде, сөз байлығы елде” деген халық нақылының мағынасына терең бойлап, жергілікті тіл ерекшеліктерін жинауға ерекше мән берді. 30 жылға жақын тіл тарихы мен диалектология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарғанда, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі шалғайда жатқан тұрғындар тілінен және республикадан тыс жердегі қазақтар тілінің мол байлықтарын жинау үшін жүйелі түрде диалектологиялық экспедициялар ұйымдастырып, ел аузынан әріптестерімен бірлесе жүріп, сөз байлығын жинауға басшылық етті. Тіл білімі институтының картотекалық қорын молайтуға мұрындық болды. Жиналған диалектілік материалдар негізінде бірталай зерттеулер жазып,тындырымды жұмыс атқарды. Оның 1976 ж. жеке кітап ретінде жарияланған “Қазақтың аймақтық лексикографиясы” атты докторлық диссертациясы түркітану ғылымында аймақтық лексикография теориясына арналған алғашқы монография еді.

Ш.Сарыбаев Мәскеу, Қазан, Алматы, Ашхабад, Бішкек, Нальчик, т.б. қалаларда және Түркияда өткізілген симпозиумдар мен конференцияларға қатысып, “Диалектілік сөздіктерді құрастыру”, “Диалектілік лексикографияның талас мәселелері”, “Тіл мәдениеті және жергілікті ерекшеліктер”, “Әдеби-сөйлеу тілі сөздігі”, “Диалектілік терминология”, “Түркі тілдерінің аймақтық лексикографиясы” тәрізді тақырыптарда баяндама жасады. С.Аманжоловтың тілдегі диалектілерді топтау теориясын әрі қарай дамыта түсті. Жаңа нұсқадағы диалектологиялық сөздікті құрастыруға және диалектология саласындағы терминологияның қалыптасуына белсене араласып, тыңнан біраз терминдерді ұсынды. Ш.Сарыбаев “Қазақ диалектологиясы” деген атпен шыққан алғашқы оқулықтың авторы (Ғ.Қалиевпен бірге). Бұдан басқа ғалымның 1989 ж. “Қазақ тіліндегі аймақтық лексика” атты монографиясы (О.Нақысбековпен бірге) жарық көрді. Көп жыл бойы диалектология бөлімін басқарып, жинаған қыруар материалдар негізінде жазылған бір томдық “Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі” (1969 ж.), “Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы" атты сериямен шыққан 8 жинақтың белді авторларының бірі болуымен қатар оған тікелей басшылық етті. Оның басшылығымен және редакторлығымен көлемді “Қазақ тілінің аймақтық сөздігі” құрастырылды (80 б.т.). Сонымен қатар ғалым қазақ және түркі тілдерінің диалектологиялық атласын жасауға белсене атсалысты.

Профессор Ш.Сарыбаевтың айрықша бір еңбектеніп, көп жылдан бері үзбей айналысып келе жатқан саласы ‒ қазақ тіл білімінің тарихы. Осы ретте қазақ тіл білімі саласындағы бай мұраны жннақтап, ғылыми жүйеге түсіре отырып, профессор Қ.Жұбановтың есіміне арнап “Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткішін" жарыққа шығарды. Осы көрсеткішті шығарған кезде А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Т.Шонанұлы т. б. арыстардың 140 еңбегі енгізілетіні үшін аталмыш кітабы 1960 ж. пышақтың астына түсіп, туралып кетті. Саяси қате жіберді деп авторға сөгіс беріліп, бөлім меңгерушілігінен босатылды. Бірақ ғалым алған беттен қайтпай, осы еңбегін жалғастыра берді. Соның нәтижесінде 1965-1994 жылдары “Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші” деген атпен бірінен соң бірі 6 томы басылып шыкты. 7-томы баспаға дайын тұр. Сонымен қатар ғалым “Түркітану әдебиетінің библиографиялық көрсеткішін’’ (1989) бастырып шығарды.  Қазақ тіл білімі саласында қорғалған 1000 кандидаттық және докторлық диссертациялардың да библиографиялық көрсеткіші (2003) жарық көрді. Аталған библиографиялық көрсеткіштердің қазақ тіл білімі тарихына қосар үлесі мол. Қазақ тіл білімімен шұғылданушы әр ғалымның осы еңбекті жазған авторға алғыстан басқа айтары жок. Ғылыми қызметкерлерге, әсіресе, аспиранттар, студенттер, мұғалімдер үшін бұл еңбек таптырмайтын, күнделікті қолдан түспейтін кітапқа айналып отыр.

Ғалымның морфология саласы бойынша сөз таптарын зерттеуге арналған “Қазақ тіліндегі одағайлар” (1954),“Еліктеуіш сөздер” (1960) деген кітаптары жарық көрді. Ол бұдан басқа “Қазіргі қазақ тілі” (1962), ‘‘Қазақ тілінің грамматикасы” (1966) авторларының бірі.

Ш.Сарыбаев әртүрлі сөздіктерді құрастыру жұмысына да белсене араласып келеді. Оның қатысуымен “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі” (1966), “Қысқаша орысша-қазақша сөздік” (1987, 1990, 1993), “Қазақ тілінің жаңа атаулары” сөздігі (1992) т.б. жарық көрді. Сонымен қатар ғалым үлкен “Қазақша-орысша” және ‘‘Орысша-қазақша” сөздіктерді құрастырушылардың бірі.

Ш.Сарыбаев алтаистика саласына байланысты қазақ-моңғол тілдерінің туыстастығын дәлелдеуге арналған бірнеше мақала жариялады.

Ғалымның баспасөз бетінде тіліміздің зәру мәселелерін көтерген мақалалары кезінде қоғамдық пікірге қозғау салып, пікірталас өрбітті. Мысалы, 1971 ж. жаңа сөздер жөнінде “Лениншіл жас” газетінде және спорт терминдерін үйлестіріп нормаға келтіру жөнінде “Спорт” газетінің бетінде басылған мақалалары бірнеше айға созылған пікірталасқа ұйытқы болды. Өнегелі ұстаз-ғалым ғылыми кадрлар дайындау әрі үйлестіру кеңесінің басшысы ретінде ізденушілер мен аспиранттарға тақырыптар таңдап беруде де елеулі үлес қосып отыр. Оның жетекшілігімен 15 ғалым диссертация қорғап, республикамыздың жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында еңбек етіп жүр. Көп жылдар бойы жоғары оқу орындарында дәріс оқып, студенттерге арнап оқу құралдарын жазуға белсене қатысты. Ғ.Қалиевпен бірігіп жазған “Қазақ диалектологиясы” оқулығы үш рет өңделіп басылып шығып, осы саладағы бірден-бір тұрақты оқу құралына айналды. Бұдан басқа "Қазақ диалектологиясы” (Практикум,1967; О.Нақысбеков, Ғ.Қалиевпен бірге), “Қазақ тілінің тарихи грамматикасы” (1968, А.Әбілқаев. Қ.Өмірәлиевпен бірге) көмекші құралдары  ұзақ жылдардан бері жоғары мектептің қажетін өтеп келеді.

1980 жылдан бастап Қырғыздың мемлекеттік университетіндегі диссертация қорғау кеңесінің мүшесі, кейін сол кеңестің төрағасының орынбасары, 1980-1994 жж. Қазақстан ҰҒА Тіл білімі институтының және әл-Фараби атындағы мемлекеттік университетінің мамандандырылған кеңесінің мүшесі болды.

Ш.Сарыбаевтың ғылыми-ұйымдастырушылық жұмысын да атап өткен жөн. Ондай қасиеті ұзақ жылдар бөлім меңгерушісі болып істегенде, он жыл бойы директордың орынбасары қызметін атқарғанда, әсіресе, Бүкілодақтық аймақтық диалектологиялық конференция (1973), Бүкілодақтық түркологиялық конференция (1976) өткізгенде мәжілістің ғалым-хатшысы болған кезде ерекше көзге түсті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ш.Ш.Сарыбаевтың ғылыми-ұстаздық қызметі, ғылымды дамытудағы, ғылым кадрларын дайындаудағы еңбектері Республика Үкіметі тарабынан бағаланып, оған 1985 ж. “Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері”  деген атақ беріліп, 2000 жылы “Құрмет” орденімен марапатталды.

Связанные Статьи