Facebook әлеуметтік желісінде 10 мамырда саяси тұтқындарды азат етуге арналған митингіге шыққан ер азамат учаскелік полицейдің соңына түскенін айтып видео жариялады.
Ер адамның айтуынша, ол митингіге түрмедегі жазасын өтеушілерді зорлық-зомбылық көрсетілмеуін талап етіп шыққан. Наразылық акциясына шыққандарды Шымкент қаласы Қаратау аудандық ішкі істер департаментіне апарған. Онда оның қолына түсініктеме хатын ұстатып, келесі жолы митингіге шығу үшін әкімдіктен рұқсат қағазын алу керек екенін айтқан.
Ер адамның айтуынша, Төлебаев Бақытжан Исламович есімді учаскелік полицей оның соңынан түскен.
«Дүкеніміз бар. Соған жақын маңдағы жерде пәтерде тұрдық. Төлебаев Бақытжан Исламович есімді учаскелік полицей үй йесіне барып, "бізді пәтерден шығармасаң 50 мың теңге айыппұл саламыз" деп қорқытып, үркіткен. Одан кейін дүкенімізге келіп келіншегімді қорқытқан. Әкімдік, салық комитетінен, СЭС-тен адамдар келіп жатыр. Жан-жағымызда қанша дүкен бар, пәтерде тұрып жатқан адамдар бар, ешқайсысын дәл біздікіндей тексеріп жатқан жоқ», - дейді ер адам.
Видео авторы дүкенді қатаң тексеріп жатқаны да учаскелік полицейдің ықпалымен болып жатқанына сенімді.
«Мен учаскелік полицей Бақытжанға барып «неге үйттің десем. Білгеніңді істе» деп шығарып салды... Менің дауысым жоғарыдағыларға жетсе екен» дейді ол.
Ер адам бала-шағасымен 16 мамырда пәтерден шығуға мәжбүр болған. Видеода ол 5 баласы бар екенін айтады. Үлкені 10-да, кішісі 5-те. Пәтерден шығарылғаннан кейін дүкенге көшіп келген. Видеодан балаларының дүкен қоймасындағы бетон еденде ұйықтап жатқанын көруге болады.
Заңгерлердің айтуынша, учаскелік полицей Төлебаев Бақытжан Исламовичтің пәтер иесіне барып ер адамды бала-шағасымен үйден шығаруын талап етуі заңсыз. Бұл өз қызметін асыра пайдалану екенін айтады. Заңгер видео авторына учаскелік полицейдің тікелей басшысына барып шағымдануға кеңес береді. Егер одан ешқандай нәтиже шықпаса прокуратураға арыз түсіру керек екенін айтады. Ал дүкенді тексеру заңды екенін жеткізді.
Шымкент қаласы Қаратау аудандық ішкі істер басқармасына хабарласып едік, Қаратау аудандық ІІБ басшысы Нұрғали Селтанов есімді кезекші полицей арқылы аталған жағдайға қатысты комментарий бермейтінін жеткізді. Басқарма басшысы бізбен тікелей байланысқа шықпады.
Оставить комментарий