Ресей омбудсмені қазақстандық Томирис Байсафаның өліміне қатысты тергеу жұмыстарын бақылауына алуға уәде берді. Бұл туралы Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкілетті өкіл Асқар Шәкіров хабарлады, деп жазады tengrinews.kz.
«Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстарын Мәскеудің тергеу органы жүргізіп жатыр. Томиристің анасы біздің өкілмен сөйлесті. Олардың ойынша, тергеу жұмыстары әділ жүріп жатқан жоқ. Нақты процессуалдық заң бұзушылықтар болды дегенді алға тартып отыр. Томиристің ата-анасының ойынша тексеру жұмыстары обьективті жүріп жатқан жоқ. Оны жалғыз куәгерден түсініктеме алғанынан аңғаруға болады», - деді Шәкіров ЮНИСЕФ конференциясында.
Қазақстандық омбудсмен тергеу жұмысына араласуды көздемейтінін айтып өтті.
«Тергеу әділ жүру үшін әріптесіме өтініш білдірдім. Кеше ресейлік омбудсмен Татьяна Москальковамен сөйлестім. Ол аталмыш істі өз бақылауына алуға уәде берді», - деді Шәкіров.
Марқұмның ата-анасы – Дархан Қожабергенов пен Жанна Ахметова ресейлік мамандардан әділетті әрі объективті тергеуді талап етіп отыр. Ресейлік тергеу мамандарының болжамынша, қыз өз-өзін өлтірген. Алайда ата-анасы бұл дерекке сенуден бас тартты.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың сәуір айында Томирис Байсафа Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының 4-ші қабатындағы дәрісхананың терезесінен құлап кеткен.
1997 жылғы Томирис таңғы 4.00-те қайтыс болды. Тергеушілер сәуірде аталмыш іске қатысты қылмыстық іс қозғаған. Тергеушілердің мәліметінше, қыз бірден ауруханаға жеткізілген. Қайғылы оқиға 13 сәуірде болды.
Томирис халықаралық экономикалық қатынастар кафедрасының 4-ші курсында оқыған. Ол үзіліс кезінде терезеден құлап кеткен. Бейресми ақпаратқа сәйкес, оны итеріп жіберген.
Оставить комментарий