Алматыда менингокок инфекциясынан 19 жастағы қыз бала қайтыс болды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі, қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне сілтеме жасап.
"Қыз бала 19 жаста. Ол Қаскелеңдегі инфекциялық ауруханада қайтыс болды. Ауруханаға таңғы 7.25-те түсті. Екі сағаттан соң көз жұмды",-деп хабарлады департамент басшысы Ерғали Сыдыманов. Ол қыз баланың оқыста көз жұмуына дәрігер көмегіне кеш жүгінгені себеп болғанын атап өтті.
"Қыз бала 1 маусым күні сырқаттанып қалған. Жедел жәрдем шақырған",-деді Сыдыманов.
Денсаулық сақтау департаменті басшысының айтуынша қыз бала жақында қайтыс болған 5 жастағы баланың танысы болып шыққан.
"Бойжеткен осы диагноздан көз жұмған баланың танысы екен. Бала Талғар ауданында тіркелген. Бірақ Алматыдағы балабақшаға барған. Олардың Алматыда пәтері бар. Біздің болжауымыз бойынша, бала бүгін көз жұмған қызбен дүйсенбіден жұмаға дейін бір үйде болған. Ал сенбі, жексенбі күндері Талғарға қатынап жүрген", - деп нақтылады Ерғали Сыдыманов.
Сыдымановтың мәлімдеуі бойынша қазір облыста менингокок инфекциясынан қайтыс болғандар саны үш адамға жеткен.
Естеріңізге салсақ, бүгін ҚР Бас санитариялық дәрігері менингокок инфекциясына байланысты желіде тараған аудиожазба туралы видеоүндеу жолдаған болатын.
Оставить комментарий