Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстандағы менингитке қарсы жұмысты күшейтуді талап етті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Астанада кезекті Үкімет отырысы өтіп жатыр. Жиында ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингококк инфекциясы жайында баяндама жасады.
«Елімізде 2018 жылдың басынан бері өлім қаупі жоғары бактериялық менингококк инфекциясымен 593 адам қаралды. Олардың ішінде 213 адам емдеуге жатқызылды, ал олардың ішінде 58 адамда менингококк инфекциясы расталды. 14 жасқа дейінгі балалардың саны – 21, қазіргі таңда 10 науқас ауруханадан емделіп шығарылды, 21-і әлі емделу үстінде. Адам өлімі жағдайы тіркелді, оның ішінде Алматы облысында 4, Қызылорда облысында 1, ОҚО-да 2 және Алматы қаласында 6 адам көз жұмды. Өкінішке орай, қайтыс болған науқастардың арасында балалардың саны – 6.
Осыған дейін елімізде менингококк инфекциясымен өлім деңгейі жыл сайын өзгеріп отырды, ең төмен жағдай – 2016 жылы 7 адам қайтыс болған, ал ең жоғарғы көрсеткіш – 2015 жылы 25 адамның өлімі тіркелген.
Қазақстан Республикасында менингококк инфекциясымен сырқаттанудың орташа деңгейі – 100 мың тұрғынға шаққанда 2,1. Қазір Қазақстандағы сырқаттану деңгейі әр 100 мың тұрғындарға 0,3-ті құрайды.
Алматы қаласында менингококк инфекциясының орташа деңгейі 4,0 болса, қазір Алматы қаласында 100 мың тұрғынға шаққанда 1,7-ні құрайды», - деді министр өз баяндамасында.
Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының эпидемияларды басқару жөніндегі нұсқауына сәйкес, 2018 жылы эпидемиялық деңгейдің көрсеткіші аптасына 100 мың тұрғынға шаққанда 3 жағдайды және 100 мың тұрғынға шаққанда 10 жағдай екен.
Министр Біртанов ауру жағдайының деңгейі осы көрсеткіштен асқанда арнайы шаралар жасалып, халыққа вакциналар егілетінін айтып өтті.
«Республика халқының санына сәйкес профилактикалық іс-шараларды жүргізетін шекті көрсеткіш – аптасына 540 жағдай және эпидемиялогиялық шек – аптасына 1800 жағдай, ол кезде менингококк инфекциясына қарсы халықтың вакцинамен жаппай егілуі және шектеу шаралары енгізілуі қажет. Қазіргі таңда Алматы қаласында қала халқының санына сәйкес, бұл көрсеткіш 54 және 180 жағдайды құрайды, ал ағымдағы жылы жағдайлардың ең жоғарғы көлемі 21-27 мамыр аралығында тіркелген. Республика бойынша аптасына 15, Алматы қаласы бойынша 13 жағдай тіркелді.
Алматыдағы сырқаттану деңгейі шектік деңгейден көрсеткішінен төмен», - деді министр.
Сонымен қатар Елжан Біртанов менингококк инфекциясымен сырқаттану бойынша жағдайды тұрақтандыру үшін өңірлерде республикалық арнайы штабтар құрылғанын жеткізді.
"Олар күнделікті жағдайды тұрақтандыру бойынша қабылданатын іс-шараларды жүзеге асыруда. Ал биыл 31 мамырда менингококк инфекциясымен сырқаттануды тұрақтандыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Қарым-қатынаста болған 433 адам анықталып, оларға антибиотик профилактикасы тағайындалды. 100 пайыз науқас бүгінде профилактика қабылдап жатыр. 3438 адам курсты аяқтады, бүгінде 698 адам осы профилактикалық курсты жалғастыруда. Алматы қаласы мен Алматы облысындағы мектепке дейінгі балалар мекемелерінде көптеген іс-шараларға шектеу қойылды, 2018 жылғы жазғы сауықтыру лагерлерінің ашылуы 18 маусымға дейін шегерілді. Халық арасында БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан республикада менингококк инфекциясы бойынша қалыптасқан жағдай карантин енгізуге және халыққа жаппай вакцинациялау жүргізу қажет болатын шекті деңгейлерден аспайды. Қазіргі күнде Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп қабылдап жатқан шаралар халық арасында менингококк инфекциясымен сырқаттану бойынша жағдайды тұрақтандыру үшін жеткілікті дәрігерлік ұйымдар мен қажетті дәрі-дәрмектер, бәрі дайын, барлық өңірлерде дайындық жұмыстары жүргізілуде», - деді министр.
Денсаулық сақтау министрі Алматы қаласындағы менингококк инфекциясына қатысты бүгін Алматы мен Алматы облысына сапарға шығуды жоспарлап отырғанын да мәлімдеді.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев өз кезегінде бұл мәселе халық арасында үлкен алаңдаушылық тудырып отырғанын айтып, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа біршама ескерту жасады.
«Жай ғана айтып өту аз, ақпарат-түсіндірме жұмыстарын жандандыру қажет. Әлеуметтік желілерде көп талқыға түсіп жатыр. Сіздердің тараптарыңыздан айтылып жатқан мәселелер біріне жетсе, екіншісіне жетіп отырған жоқ. Сондықтан жаңа өзіңіз айтып отырған штабтарды құрсаңыз, олардың жұмысын жария түрде жүргізу қажет. Әрбір облыстарда атқарылып жатқан жұмыстарды жария түрде ашып айтып, халыққа жеткізіп отыру қажет. Диаграммада өзіңіз қай жылы көп болғанын, қай жылы аз болғанын көрсетіп отырсыз. Биыл да көп талқылауға түсіп жатыр, сол себепті ақпараттандыру жұмыстарын жандандыру керек.
Екінші мәселе – вакцинаға көп көңіл бөлініп жатыр. "Оны егу керек пе, әлде екпеу керек пе?", - деген сұрақтар бар. Мысалы, кеше маған қабылдауға үлкен кәсіпорынның басшысы келіп: "Жұмысшылардың барлығына егу жұмысын жүргізейін бе, әлде қажет емес пе?", - деп сұрап жатыр. Оларға бұл жайында айтып жеткізі,п түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Вакцинаны өз еркіменен алу мәселесі халықтың арасында күннен-күнге көтеріліп келе жатыр. Ал бағасы өте қымбат. Бір облыста 40 мың, бір облыста 20 мың тұрады. Осындай жағдай болып жатқан кезде министрліктегілер, әкім мырзалар, сіздер де жағдайды бақылауға алып, керегінше көмек көрсетіп, вакциналардың бағасын түсіру қажет. Паника жасамау керек», - деді Үкімет басшысы.