Жастардың жұмыссыздығын қалай жоюға болады?

/uploads/thumbnail/20180605160008063_small.jpg

Қоғам және мемлекет үшін жастардың орны қашанда ерекше. Себебі жастар -  елдің болашағы. Бүгінгі жастар ертеңі ел тізгінін ұстайтын азаматтар. Олар қоғамның әрбір саласында жұмыс атқарады, мемлекетіміз үшін қызмет көрсетеді. Жастардың қоғамнан өз орынын тауып, жақсы маман иесі болуы қай кезде де маңызды мәселе. Дегенмен, қай қоғамда болмасын жұмыссыздық сияқты мәселелер туындайды. Тіпті, жұмыссыздық мәселесі біздің елде ғана емес, дамыған АҚШ, Ұлыбритания сияқты елдерде де жиі кездеседі.

Еліміздегі жастар түрлі қиыншылықтарға ұшырап отырады. Олардың бірі жұмыссыздық. Мәселен, қазіргі кезде ЖОО-дарында тегін оқуға түсу өте қиын. Тіптен, ақылы бөлімге түсіп оқу ақысын төлей алмаған студенттерде өте көп. Мысалы, 2016 жылғы статистикаға сәйкес 17 мың студент қалтасы көтермей оқуды тастап кеткен. Демек, оқуға түсе алмаған және оқуын тастап кеткен жастарға жұмыс табу қиын. Мұндай жастар еліміздегі жұмыссыздар қатарын толтырары сөзсіз.

Сонымен қатар, жұмыссыздық санын қажетсіз мамандар қатары да арттыруы мүмкін. Мәселен, кейде абитуриенттер еңбек нарығын зерттемей, сұранысы  төмен мамандықтарды таңдайды. Осыған байланысты мәжіліс депутаты Өксікбаев елімізге экономисттер немесе заңгерлер керек емес,  еліміз IT мамандарға мұқтаж дейді. Мамандықты таңдағанға дейін, жастар жұмыс нарығын зерттеп, қай мамандыққа сұраныстың жоғары болатынын алдын ала біліп алуы керек.

Тағы бір өзекті мәселе, ауылда жұмыс орны тапшы. Ауылдың жастары жұмыссыздық мәселесіне байланысты құрылыста немесе базарда қызмет атқарады. Ал, біздің жеріміз бен табиғатымыз ауыл шаруашылығымен айналысуға ыңғайлы. Егер біз ауыл жастарына ауылдарға қажетті мамандықтарды оқытсақ, қалай жұмыс жасау қажет екені жөнінде бағыт-бағдар берсек жұмысссыздар саны азайып, экономикамыз қарқынды дамитын еді.  

Қорытындылай келе, ақылы білімге қол жеткізе алмаған, еңбек нарығын дұрыс ескермей керексіз мамандық иесі болған және ауылда өсіп білім ала алмай қалған жастар жұмыссыздықтың туындауына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан, мұндай жастарға арнайы мамандықсыз-ақ кәсіпкерлік сияқты жұмыстармен айналысып немесе еңбек нарығын бағалауға үйретсек, сонымен қатар ауыл жастарын ауыл шаруашылығының қыр-сырына оқытсақ, жұмыссыздық санын азайтуға болады деген тұжырым жасауға болады.

Уалихан Даурен,

Кимэп Университеті

Связанные Статьи