Жармада Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесіне сайыс өтті

/uploads/thumbnail/20180606095343698_small.jpg

Қалбатау аулында Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері, әлем чемпионы, ҚСРО мен ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесіне арналған, грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында ашық облыстық турнирдің жалауы желбіреді. Сайысқа Өскемен, Семей қалалары, Жарма, Аягөз және Үржар аудандарынан бөлек, Алматы облысы, Шымкент, Павлодар әрі Алматы шаһарынан 200-ден аса жас спортшы жиналды.

-Бұл турнирдің басты мақсаты – жасөспірімдерді спортқа баулу, екіншіден грек-рим күресін насихаттау әрі дамыту. Ұйымдастыру комитетіне алғысымды айтамын. Бұл жастағы палуандарға мұндай жарыстар көбірек қажет. Себебі осы жерде әр аймақтан келген балалар, иық тіресіп, тәжірибе жинақтайды. Сайыс өте тартысты. Шынымды айтсам, өзім қызығып отырмын. Өйткені ересектерге қарағанда, балалар түрлі әдіс-айлаларды жасауға тайсалмайды. Бүгінгі жарыс сонысымен тартымды, — деген ойымен бөлісті Азия күрес қауымдастығының президенті, даңқты жерлесіміз Дәулет Тұрлыханов.

Боз кілемдегі белдесулерге келер болсақ, жас өрендер 10 салмақта өзара мықтыны анықтады. Осы 10 салмақтың 8-де шығысқазақстандық жасөспірімдерге тең келер қарсылас табылған жоқ. Соның арасынан 5 салмақ дәрежесінде жармалық балғындар алтыннан алқа тағынды. Нақтырақ айтқанда, 26 келіде Нұржан Әшімжанов, 36 келіде Ернұр Елтай, 39 келіде Ердос Жұмағұлов, 46 келіде Диас Қажымұрат және 58-ден жоғары салмақта Владислав Диктерев жеңіс тұғырына көтерілді. Осыдан-ақ жармалықтардың классикалық күресті қандай деңгейде меңгергендігін аңғаруға болады. Сонымен қатар, аягөздік Диас Сейітқали және Айбек Айткаримовпен қатар семейлік Ерқанат Мұқият жеңімпаз атанды. Барлық жеңімпаздар және жүлдегерлерге, сондай-ақ жаттықтырушыларға ақшалай сыйақы табыс етілді.

* Жарыстарға қатысқанды ұнатамын. Бүгінгі белдесулер өзіме аса қиын болмады. Десе де жартылай сында өз жерлесіммен кездестім. Сол кездесу күрделірек болды. Өскенде Дәулет Тұрлыханов және Айбек Нұғымаров секілді әлем чемпионы болғым келеді, — дейді турнир жеңімпаздарының бірі, жармалық Нұржан Әшімжанов.

Оставить комментарий

Связанные Статьи