ШҚО-да «MEN QAZAQPYN» мегажобасының іріктеу кезеңі басталды

/uploads/thumbnail/20180606095522460_small.jpg

Өткен жылы «QAZAQSTAN» Ұлттық телеарнасында өткен «MEN QAZAQPYN» халықаралық мегажобасы екіші мәрте жұмысын бастағалы жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жобаның іріктеу жұмыстары жайлы облыстық «ALTAI» телеарнасының директоры Аида Жабағиева мен директордың орынбасары, бас редактор Айдос Жұқанұлы баспасөз мәслихатын өткізді.

– Біз іріктеуімізді мамыр айының 28 күні Үржар ауданынан бастағалы отырмыз. Биылғы байқаудың басты ерекшелігі әр ауданнан іріктелген өнерпаздарды облыс орталығына әкеліп жеңімпаздарды анықтаймыз. Әр жанрдың жеңімпазы республикалық кезеңге жолдама алады, – деді телеарна директоры Аида Жабағиева.

Сайыс дәстүрлі ән, терме айту, күй шерту сынды үш аталым бойынша өтеді. Ал қазылар алқасына облыстық ішкі саясат басқармасынан, мәдениет басқармасынан, «ALTAI» телеарнасының өкілі және жергілікті жерден белгілі бір өнер иесі тағайындалады деп күтілуде.

– Телеарна директоры, иә болмаса өзім қазылардың қатарында міндетті түрде боламыз. Мүмкіндігімізше тамыр-таныстыққа, жершілдік пен рушылдыққа жол бермеу үшін осылай шештік, — дейді директордың орынбасары Айдос Жұқанұлы.

Сайысқа қатысқысы келетіндерден ешқандай музыкалық білімін анықтайтын құжаттарды талап етпейді. Сондай-ақ, ұлттық киімі мен әр өңірдің дәстүрлі ән мектебінің болмаса күй қағысының мектебін сақтаған өнерпаздардың еңбегі бағаланатын көрінеді.

Оқырмандарымызға пайдасы тисін деген ниетпен әр ауданда іріктеу өтетін күндерді көрсете кетейік.

28 мамыр Үржар, 29 мамыр Аягөз, 4 маусым Зайсан, 5 маусым Тарбағатай, 6 маусым Көкпекті, 11 маусым Ұлан, 18 маусым Катонқарағай, 19 маусым Күршім аудандарында өтеді. Ал 30 маусым күні Өскемен қаласында облыстық байқау өтіп, республикаға баратын жеңімпаздар анықталады.

Әр ауданнан суырылып шыққан өнерпаздардың облыстық байқауын «ALTAI» телеарнасы арнайы түсіріп, жеңімпаздардың жұлдызының жарқырауына мүмкіндік береді. Өткен жылы бұл байқауға Монғолия, Ресей, Қытай сынды көрші елдердегі қаракөздер де келіп қатысып, бағын сынаған еді. Биыл бұл мәселені ұлттық арнадағы ұйымдастырушылар ақылдасып жатқанын айтты баспасөз мәжілісін өткізушілер.

Оставить комментарий

Связанные Статьи