Абай музейі үш жаңа залмен толықты

/uploads/thumbnail/20180606101756540_small.jpg

Халықаралық музей күнінде Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайында үш жаңа экспозицияның ашылуы болып өтті. Су жаңа жәдігерлерді өңірімізге белгілі ғалымдар Арап Еспенбетов, Зейнолла Тоқаев және Ақмарал Смағұлова таныстырды.

Бұл музей ісін жүргізудегі тың PR маркетинг болса керек. Осылайша мұражай ұжымы, танымал тұлғаларды тарту арқылы, өңірлік туризмді өркендетуді көздепті. Жаңа тақырыптық экспозиция «Үш қайнар» деп аталады. Атап айтқанда, «Абай шығармашылығы», «Абай жолы – әлем әдебиетінің жауһары» және «Қайым Мұхамедханов — абайтанушы» атты залдарының ресми таныстырылымы болды. Ұлы хакімге арналған алғашқы залға, данышпан ақын нәр алған – қазақтың халық ауыз әдебиеті, шығыс халықтарының поэзиясы, орыс және батыс әдебиетінің озық туындылары қойылған. Ал екінші экспозицияда, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы желісі негізінде, ғұламаның абайтанудағы тұңғыш ғылыми-зерттеулері, мақалалары және әлем халықтары тілдеріне аударылған еңбектері ұсынылып отыр. Сонымен қатар Қайым Мұхамедхановқа арналған залда талғампаз келушілерді бейжай қалдырмайтыны анық. Мұнда ғалымның өмірбаянынан бөлек, оның әдеби-ғылыми жұмыстары шоғырланған. Бұл көрме залынан, сол секілді белгілі зерттеушілер Төкен Ибрагимов, Кәмен Оразалин және Мұздыбай Бейсенбаевтың еңбектерінеде орын берілген екен. Музей қызметкерлері, әсіресе Қайым Мұхамедханов пен Төкен Ибрагимовтың жеке өміріне қатысты деректер және қолжазбалары көрермен қауымның қызығушылығын туыдарытынына сенімді.

-Үш залға тоқталсақ, Абай шығармашылығын толықтырып отырмыз. Сонымен қатар, бұрын-сонды болмаған «Абай жолы» роман-эпопеясына арналған экспозиция жасақталды. Абайдың мұрасын зерттеуде Қайым Мұхамедхановтың орны ерек. Сондықтан да ол кісінің шығармашылығына қатысты арнайы орын беруді жөн деп санадық. Тағы сол сияқты музейімізді 30 жылдан аса басқарған Төкен Ибрагимов пен осы киелі орынның қызметкері болған Мұздыбай Бейсенбаевқа арналған экспозициялық көрме ашылды. Келушілер Абайға қатысты тың деректерге қаныға алады. Және де мұнда «Абай жолы» шығармасының әлем тілдеріне аударылған нұсқалары қойылып отыр. Оның арасында Мұхтар Әуезовтың қолы қойылған нұсқасы аса құнды жәдігерлер санатына жатады. Ал Қайым Мұхамедханов 1951 жылы тұтқындалған еді. Сол кезде оның көптеген кітаптары мен қолжазбаларын тәркілеген болатын. Осы бағалы қолжазбалардың бірі жаңа эскпозицияда ұсынылмақ. Тұтастай айтқанда, шамамен 200-ден аса жәдігер қойылды, — деп атап өтті Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының ғылыми ісі жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева.

Бұдан басқа, халықаралық музей күніне байланысты ұлы ақын атындағы қара шаңырақтың ұжымы қымызмұрындық дәстүрін ұйымдастырды. Осы датаға орай Музейдің жұмысы сағат кешкі 22:00-ге дейін жалғасты. Айтулы шараға қаланың зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, сондай-ақ қала жастары жиналды.

Оставить комментарий

Связанные Статьи