Түсетін аялдамасына жақындап қалған Гүлбақыт жанына жақындаған билетші жігітке:
-Менде куәлік, - деп сөмкесінің қалтасынан көк түсті құжатын көрсетті.
Жас жігіт ұсынылған куәлікті қолына алып, бірден:
- Жол ақыңызды төлеңіз, болмаса, "оңай" карточкасын көрсетіңіз,-деп өктем сөйлеп қоя берді.
- Суретіне қараңыз, маған ұқсай ма?
- Ұқсайды, бірақ менің онымен шатағым аз. Жол ақысын төлеңіз.
- Бауырым, асықпай не жазылғанын оқып шығыңызшы.
- Менің оқып тұруға уақытым жоқ. Ұлы отан соғысына қатысып па едіңіз, болмаса, Чернобылда болдыңыз ба, әлде, Ауған соғысына қатыстыңыз ба, көлікте тегін жүретін?! Мүгедекке де мүлде ұқсамайсыз,-деп зуылдай жөнелген жас жігітке Гүлбахыт:
- Желтоқсандықпын - деп жай ғана жауап берді.
Билетші жас жігіт одан әрі өрекпіді, «Куәлікті ұсынушы адамның "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген жеңілдіктер мен артықшылықтарды пайдалану құқы бар. Куәлік мерзімсіз және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады», деген жерін оқып бітіп:
- Мына жерде желтоқсандық деген сөз жоқ, біздің паркте желтоқсандықтар тегін жүрсін деген нұсқау да жоқ,- деп ежірейді.
- Айналайын, куәліктің сериясы, нөмірі, анау екі мөрді мен басты деп ойлайсың ба? Жұмыстан кешігіп барамын, сенбесең смартфоныңа суретке түсіріп алшы.
- Жоқ, олай болмайды. Мен контролерларды шақырамын. Жол ақыңызды төлеңіз, болмаса менімен соңғы аялдамаға бірге барасыз деп жас жігіт қайтар түр көрсетпеді.
-Құрысын, қойсыншы бәрін, - деп Гүлбахыт қолын бір сермеп, сөмкесіндегі әмиянына қолжүгірте бере, кілт тоқтады. Автобус толы жолаушылар өзіне қылмыскердей көздерін алмай қарап қалған екен.
-Бастықтарыңың бәрін шақырт, бәрін-бәрін шақыр соңғы аялдамаларыңа, - деп, бір кездегі алаң, майдан, жан алып жан беріскен төңірегі толы рухты жастар көз алдынан жосыла жөнеліп, бірақ, есін тез жиып алды. Қазіргі мына бишара жағдайы, автобус ішіндегі өзіне қылмыскердей қадалған көздерді көріп, бір қорланып, бір намыстанды.
Соңғы аялдамаға кешеуілдетіп келген бастықсымақтар мен "оңай" карточкасын ойлап тапқандардың Гүлбахытқа тиянақты айтар уәжі болмады, заңның иісі мұрындарына да жетпейтін өңшең "шолақбастықтардың" заманы-ай, олар да бұны түсінбеді. Гүлбахыт та оларға одан әрі сөйлеуді шығын көрді. Ақыры,әділетсіз қоғамның құлы жетесіздердің қолдарына жүз елу теңгелерін ұстатып қоя берді.
Кеше ғана менің "смартфоныма" Алматы қаласындағы желтоқсандықтардан сүйіншілеткен хабары келіп түсті. Жан баласының көңілін қайтарып көрмеген басым телефон арқылы қуаныштарына ортақтасып, күрестің нәтижелі болуына атсалысқан азаматтарға ақ көңіл, шын пейілімнен алғыс жаудырдым. Гүлбахыттың тағдыры бүкіл желтоқсан қаһармандарының басынан өтіп жатқан жағдай болғандықтан жай жата алмадым, қолыма қалам алдым. Сүйіншінің қайырымы болсын дедім.
Алдымда жазушы Болат Төлепбергеновтың Желтоқсан-86-ның отыз жылдығына жасаған үлкен сыйы - "Рух пен Ар, 1986-2016" атты еңбегі жатыр. Кітапың алғы сөзінде автор: «Ғылыми негізді, дерекнамалық танымдық-публицистикалық «1986-2016. Рух пен Ар» атты бұл еңбекте: кешегі – 1986 жылы тұңғыш ел Тәуелсіздігі үшін жанпидалыққа барған өрімдей желтоқсаншылардың, бүгінгі - Желтоқсан қайраткерлерінің ерлік пен азапқа толы жолы хронологиялық ізбен толыққанды баяндалған. Сондай-ақ, желтоқсандық жастардың «тар жол тайғақ кешуі» мен өнегелі істерін паш етуге: сол Желтоқсан кезінде де, кейін де жан-тәнімен араласқан, қажет жерінде батырлық көрсеткен аға ұрпақтың іс-әрекеттері де, өз әңгімелеулері арқылы кеңінен көрсетілген. Ел намысы, ер намысы сынға түскен сәтте екіжүзділік пен жалтаруға ұрынғандар турасында да аз айтылмаған. Кітап көпшілік қауымға арналған, деген екен. Еңбектің "Желтоқсан: Саналы түрде қостағандар немесе бүйрегі бұрғандар және жапа шегіп жатқандарға жақтасу тұрғысынан араласқандар" бөлімі, 205 бетін ашып.алфавит бойынша тізбектелген есімдер ішінен біздің жоғарыдағы кейіпкеріміз - Айқымбаева Гүлбақытты іздедім.
Кітапқа Гүлбахыттың сонау ел мен ер басына сын туған Алматыдағы екі күндік қазақтың көтерілісі өз естелігі бойынша беріліпті. Онда: «Соңғы 4-ші курста оқып, мемлекеттік емтихан тапсырып жүрген кезімізде бізге жатақханаға басқа жоғарғы оқу орындарының студенттері келіп, «Брежнев» алаңына шақырды. 17-желтоқсан күні алаңға келіп, елмен бірге біраз жүрдік. Өрт сөндіруші машинамен су шашып, дубинкаларымен соғып қуалаған соң жатақханаға қайттық. Ертеңіне тағы алаңға бардық. Бізге жігіттер «Менің Қазақстаным» өлеңінің сөзі жазылған қағаздарды таратты. Сол өлеңді айтып топтанып келе жатқанымызда милиционерлер мен солдаттар қуып, резеңке таяқтарымен соғып, ұсталғандарды автобусқа сүйрелеп әкетіп жатты. Қасымдағы курстастарым Қажиақпарова Бақыт, Сандыбаева Зәуре, Нұрғалиева Эльмира төртеуімізді қуып жетіп құлатып, аямай ұрып, милицияның УАЗ-игіне күштеп тиеп, Ташкентскийдің бойындағы РОВД-ға алып барды. Әр қырымыздан тұрғызып суретке түсіріп, қол саусақтарымыздың үлгісін алып, қамайтын бір бөлмеге қыздардың бәрін тықты. Бізге қарама-қарсы бөлмеде жігіттер қамалды...»,- деп берілген екен.
Гүлбақыттың кітапқа түскен батыр тағдырының сыртында қайғылы да ауыр тағдыры оның өміріне өшпестей із қалдырған еді. Диплом алуына жарты-ақ жыл қалған кезінде қудалауға ұшырап, оқудан қуылып, тұрмыс құрамын деп жүрген жігітінен ажырауы, жиырма жастағы жас арудың қайғылы да ауыр тағдыры емей немене.
Қарағанды облысындағы Жаңарқа қалалық типтегі ауылдың Н. Крупская атындағы мектебін (орыс тіліндегі) алтын медальмен аяқтаған түлектің Алматыға арман қуып барған, өзінің сүйікті мамандығына қол жеткізуіне жарты жыл қалған кезінде қылмыскер болып, ауылына оралуы - Желтоқсанның дауыл боп соққан көрінісінің бір беті ғана еді. Жыл басында сүйікті анасынан айырылды. "Обкомда" қызмет жасайтын туған ағасына да таяқтың бір ұшы тиіп жатқанда, бір жігіттің алып қашып, еріксіз жанұялы болуы да жас қызды әбден ойсыратып кетті.
Менің Гүлбақытпен таныстығым 2016 жылы желтоқсандықтардың ЖСДП-ны қолдап, менің мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде тіркеліп, Қазақстанның біраз жерлерін үгіт-насихат сапарымен аралаған кезімде басталған болатын.Кішіпейіл, тапсырылған жұмыстарды барынша ыждаһатпен атқаратынын сары келіншек кімніңде болса көңілінен шықпауы мүмкін емес еді...
Осындай батыр да, жұмысына тиянақты Гүлбахытты, жоғарыда айтылғандай, сауатсыз билет шіні қойшы, олардың басшылары - шолақ белсенділердің ел алдында масқаралауға ешқандай құқылары жоқ болатын. Гүлбахыттың қолындағы құжат 1993 жылы ҚР 14 сәуірдегі №2143-12 "Жаппай саяси қуғын-сүргіндерін ақтау туралы" Заңның аясындағы бір форматтағы куәлік екенін, оған желтоқсандықтардың енгенін, бұл заңның мәслихаттың құзырынан жоғары тұратынын білмеу, қандай білімсіздік.
Қай жылдары кезекті сайлау алды бағдарламасында "Ақ жол" партиясы жетекшісі Азат Перуашевтың желтоқсандықтарды автобуста тегін жүргіземін деген бастамасы мәжіліске ілінгеннен кейін ұмытылған болатын. Нархозда бірге оқыған Нұртай Сәбильяновтың жайы анау, желтоқсандықтар жайлы жақ ашатын күні болар ма екен, өзінің? Тым болмаса, Заңдағы 22 баптың 2003 жылғы қаңтар айына дейін не себептен уақытша тоқтатылғанын біліп берсе де желтоқсандықтарға көмек болар еді ғой?
Мен олардан 28 желтоқсан 1993 жылғы №591-р ҚР Премьер-Министрінің Өкімінде көрсетілген:
- Қазақстан территориясында тұратын, ақталған азаматтарды жеке тәртіппен оларға көрсетілетін Заң аясындағы жеңілдіктер мен артықшылықтары пайдалану құқы, медициналық көмек, баспанамен қамтамассыз ету, бірінші кезекте, мамандықтарына байланысты жұмыспен қамтамассыз ету керектігін айтып, әділетсіздікке қарсы аштық жарияласын деп отырған жоқпын. Депутаттар мен шолақ белсенділер ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 12 желтоқсан 1991 жылғы №540 "Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы" Жарлығын біле ме екен?
Болмаса, Желтоқсан қозғалысы, желтоқсандықтар жөнінде Елбасы Н. Назарбаевтың: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетті. Олар жүз жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып, айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді»,- деп, бағалағанын барған жерлерімізде олардың естеріне қашанғы сала бермекпіз...
ПыСы: Гүлбақыт пен Гүлбахыт сияқты қаһармандардың ақталуы мен заңды құқығының үстемдігін баянды қылуға барын салған желтоқсандық - Бейсенбай Сейфоллаға автор мен желтоқсандықтар атынан мың алғыс! Аталмыш желтоқсанға арналған құжаттар жайлы сілтеме арқылы оқи аласыздар.