Жаңа Зеландияның тұрғыны Клэр Нельсон саяхат жасауды жақсы көретін.
Осы жолы ол жалғыз өзі шөл даладан тұратын паркті жүріп өтуді жөн санайды. Бір айта кетерлігі, бұл бірінші тәжірибесі еместін. Алайда сол күні күтпеген жағдайлар орын алып, Клэр сау басына сақина тілеп алады. Бұл жұмсартып айтқанымыз болар.
Жолға шығысымен-ақ үлкен биік тасқа шығамын деп аяғын жарақаттап алған ол 4 күн іс-қимылсыз жатады. Ішетін суы да таусылған Клэр көңіл-күйді түсірмей, өзін барынша сабырға шақырумен болады. Сөмкесінде жүрген аспиринді ішіп алып, іске көшеді. Ең біріншіден, өзімен бірге жолға алып шыққан полиэтиленді пакеттер арқылы күннен қорғаныш болар көлеңке жасайды. Көлеңкенің астында отырып таңертең-күндіз демалса, кешке-түнде тамағын жыртып көмек сұраумен уақыт өткізеді. Күннен қорғайтын кремнің құтысына өз зәрін жинап, соны ішеді. BBC журналистеріне кейін сұхбат берген Клэр бұл қадамға амал жоқтықтан барғанын әрі зәрдің дәмі жаман сыраға ұқсас екенін айтып береді. Төртінші күні аспанда ұшып бара жатқан тікұшақтың шуын естиген Клэр қолындағы таяққа киім байлап, оны жалау сияқты желбіретеді. Соның арқасында оны құтқарушылар байқап қалады.
Өзінің ерік-жігері арқасында тірі қалған Клэр Нельсон құтқарушыларды да таң қалдырыпты. 4 күн бойы ассыз, сусыз қалған әйел келген көмекке риза болып, жылап-сықтаудың орнына күліп мәз-мейрам болған деседі. Қазіргі таңда қайсар мінезді Клэр жергілікті ауруханада ем қабылдап, аяққа тұрып жүруді қайтадан үйреніп жатыр.
Саяхат жасауды жасауды жақсы көретін жиһанкездерге Клэр Нельсон мынандай ақыл-кеңес айтыпты: «Кез келген жорыққа тыңғылықты дайындалу қажет екен. Жай ғана ұялы телефонға сенім артудың қажеті жоқ. Егер де сусыз қалсаңыз, оны барынша үнемдеуге тырысыңыз. Бөтелкеден ішкенше шүберекті сулы етіп соны сорыңыз. Және ең бастысы кез келген жағдайда көңіл-күйіңізді түсірмеңіз».
Жазира Байдалы
Оставить комментарий