Оралда тұрмыстық қалдықтар тиімді өңделмек

/uploads/thumbnail/20180625172600634_small.jpg

Жуырда Орал қаласында қалдықтарды басқару жүйесін жандандыру мәселелерін талқылаған семинар-кеңес өтті.

Шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов Елбасының түрлі қоқыс қалдықтарын заманауи тұрғыда пайдаға жарату жөніндегі тапсырмасын тілге тиек етіп, өңірдегі бұл бағытта оң жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Сондай-ақ ол осы салада еңбек етіп жүрген облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкері Айсұлу Абдрахманова мен  «Кама-Центр» ЖШС директоры Валерий Голоуховқа ҚР Энергетика министрлігінің атынан «Құрмет белгісін»  табыс етті.  

Өз кезегінде сөз алған аталмыш жиынның модераторы,  «Kaz Waste» қалдықтарды басқару бойынша қазақстандық ассоциациясының атқарушы директоры Вера Мұстафина өңірде мұнай-газ, тағы басқа да кәсіпорындар көп болғандықтан,  өндірістік қалдықтар да аз емес екенін атап өтті. Сондай-ақ қоқыстарды түріне қарай іріктеп жинауда аудан мен ауылдық жерлердегі атқарушы органдар белсенділік таныту қажеттігін айтты. Ал облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжановтың айтуынша, облыстағы қалдықтар пластика, шина, пайдаланылған майлар, құрылыс материалдары және тамақ өнімдері қалдықтары болып түр-түрге бөлінген. Негізінен аудан орталықтарына жалпы қалдықтар мен пластикаға арнап қоқыс жәшіктері қойылуда. Мәселен, Орал қаласында пластикалық бөтелкелерге арналған 767, ал 12 ауданға түрлі қалдықтар жинауға 317 контейнер орнатылған. Ендігі жерде бұл игі істердің ауылдық округтерде де жандандыру қажет. Әсіресе, көңілге қонымды жұмыстар Тасқала мен Бөкей ордасы аудандарында жақсы жолға қойылған екен. Бүгінде облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинап, өңдейтін 12 кәсіпорын жұмыс жасауда.

БҚО экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Төлеген Бақтығалиевтің айтуынша, өңірдегі өндіріс қалдықтарының негізі  бұрғылау қалдықтары болып отыр. Жалпы облыста өндірістік қалдықтарды қайта өңдейтін бірнеше кәсіпорын бар. Өңірде пайда болған өндірістік қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеудің үлесі 33 пайызды құрайды. Оның айтуынша, облыста  жылына орта есеппен 120-130 мың тоннадай қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) жинақталады. Бүгінде олардың жалпы мөлшері  6,5 мың тоннаны құрап отыр. Жалпы ҚТҚ-ны кәдеге жарату үлесі 2,14 пайыз. Айтып өту керек, бірінші жартыжылдықта аталмыш департамент табиғат пайдаланушыларға 115 тексеріс жүргізіп, қалдықтарды сақтау талаптарына қатысты 130 құқықбұзушылық анықтаған. Бүгінде берілген 47 нұсқама толығымен орындалған екен.  Ал салынған 34 айыппұлдың жалпы сомасы 2 325, 635 мың теңге құрап отыр.

Оставить комментарий

Связанные Статьи