Бие сүтінен жасалған, жануар өнімінсіз вегетериан балмұздағы, белсендірілген көмір қосылған қара балмұздақ, биобалмұздақ. Алматыда Орталық мәдениет және демалыс саябағында өткен «БалмұзDay» фестивалінде мұздай дәмнің ерекше түрлері ұсынылды.
Жазғы маусымда аса қажет балмұздақтың көңіл-күйді көтеретіні белгілі. Бүгінде өндірушілер оның денсаулыққа пайдасына ерекше көңіл бөлуде. Тағамды талғап жейтіндерге балмұздақтар арасынан да мол таңдау бар.
Әлем бойынша Қазақстанда алғаш рет бие сүтінен балмұздақ жасалды. Құрамында қанты жоқ, гипполергенді балмұздақтың өз тұтынушылары бар. Мәселен, сиыр сүтінде кездесетін ақуызға аллергиясы бар адамдар, гиппоалергенді саумалдан жасалған балмұздақты жей алады.
«Бие сүті саумалдан жасалған балмұздақ. Бұған қант қосылмаған. Саумал гиппоаллергенді әрі тәтті. Сондықтан бұл балмұздақтың дәмі басқаларына ұқсас келеді. Көбінесе диабетпен ауыратындар мен аллергиясы бар адамдар тұтынады. Әлем бойынша алғаш рет біздің елде жасалған өнім. Қазақстан нарығында 2 жылдан бері бармыз. Шетелдіктер Отанына базарлық ретінде алып кетіп жатады»,-деді Қазақ тағамтану академиясының маманы Ақерке Бейсенғали.
Мұны тұтынбайтындар үшін вегетериандық балмұздақ түрі де бар. Eco Shmeko Қазақстанға небәрі екі апта бұрын келген.
«Бұл вегетериандық балмұздақ. Жануар сүті қосылмаған. Мұздатылған жеміс-жидектерден жасалады. Сыртындағы вафлиі де вегетериандық тәсілде дайындалған. Дәмі кәдімгі балмұздақтан да тәттірек әрі зиянсыз. Адамдар қызығушылық танытуда. Мұндай өнім әзірге Қазақстанда жоқ. Біз 2 апта бұрын ғана алғашқы саудамызды жасадық,- деді Eco Shmeko балмұздағын сатушы Arash.
Соңғы кезде Алматыда қара түсті балмұздақ пайда болды. Құрамына белсендірілген көмір қосылған тәттінің ағзаға жағымды әсері бар.
«Қара балмұздақтың ерекшелігі құрамында белсендірілген көмір бар. Ол тәтті әрі пайдалы. Ағзадағы токсиндерді айдап шығарады. Белсенді көмірдің мөлшері көп емес, сондықтан балмұздақты жеуге қандай да бір шектеу қойылмаған. Бұдан бөлек құрамында бельгиялық шоколад дәмі бар. Алматы тұрғындарымен бір айдан бері таныспыз»,-дейді сатушы Әнуар Акуов.
Дәстүрлі «БалмұзDay» фестивалі биыл Алматыда үшінші рет өтуде. Ерекшелігі сол, бұл жолы шара екі күнге ұласады. Ең алғаш фестивальді өткізу идеясын ұсынған Мира Саламбаева бүгінде оның ұйымдастырушысы.
«Ең алғаш отбасылық мерекелік фестиваль ұйымдастырсам деген ниет болған. Алматыда ашық аспан астында «БалмұзDayды» өткізу мен үшін табылған идея болды. Үшінші жыл өткізіліп отырған шара бұл жолы екі кезеңнен тұрады. Бүгін келушілер балмұздақтың түр-түрінен дәм татуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар балалардың орындауында концертік нөмірлерді назарларыңызға ұсынып отырмыз. Ұтыс ойындарын ұйымдастырдық. Бүгінгі фестиваль қонақтары суретке түсіп, оны Instagram әлеуметтік желісінде #balmuzday_2018 хештэгімен жариялап, сыйлықтарға ие бола алады. Концертке аутизммен ауыратын балалар қонақ болады. Біз оларға балмұздақ үлестіреміз. Әрі біздің серіктестеріміздің атынан сыйлықтар табысталады»,-деді Мира Саламбаева.
Оның айтуынша, фестиваль ертең ән байқауымен жалғасады. Мұнда 3-тен 16 жасқа дейінгі балалар ата -аналарымен ән шырқайды. Қазылар алқасы қатысушыларды отбасылық және жеке орындау аталымында марапаттайтын болады.