Кеше Астанада өткен үш ел Президенттерінің ЕАЭО аясындағы кездесуі барысында РФ Президенті Владимер Путин Қазақстан мен Белорусияға еуразиялық одақ шеңберінде ортақ вальюталық одақ құруды ұсынды.
Ақордадағы үш жақты жиыннан соң журналистерге сұхбат берген Президенттер аталмыш жиынның маңыздылығы мен жаһандық дағдарыс кезеңіндегі ЕАЭО-ның жұмысы, дүниежүзіндегі мұнай бағасының құлдырауы мен Батыс елдері тарапынан Ресейге салынған санкциялардың ЕАЭО-ға ықпалы жайлы сөз етілді.
Аталмыш жиында Ресей Президенті В.Путин ЕАЭО аясында ортақ вальюталық одақ құруды ұсынса, Белорусь Президенті А.Лукашенко одақ шеңберінде тауар айналымын ұлғайту үшін кедергілерді жою керектігін айтты. Ал Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өз кезегінде әлемдегі болып жатқан соңғы оқиғаларды атай келе, Қазақстан Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтынын ескертті.
Н.Ә.Назарбаев, ҚР Президенті:
- Қырымның Ресей Федерациясы құрамына қосылуы мен Украинаның шығысындағы жанжалдарға Ресейдің араласуына наразылық білдірген Бірқатар Батыс елдері санкциялар салуда. Сонымен қатар, қазір әлемдік нарықтағы мұнай бағасының күрт төмендеуі мен жаһандық дағдарыс келе жатыр. ЕАЭО елдерінде өндірілетін тауар бағасының арзандауы мен біздің елдерде өндірілетін энергия ресурстарының, одаққа мүше елдер арасындағы өзара тауар айналымының күрт төмендеуі бар. Мысалы, биыл Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 20 пайызға кеміген. Бұлар өз кезегінде Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің экономикасына да әсер ететіні сөзсіз. Біз мұндай қауіптің болатынын білдік. Бұл ЕАЭО-ға ауыр сынақ болды. Енді біз осы кезеңнен бірлесіп, иық тіресіп жұмыс жасағанда ғана шыға аламыз. Биыл "Ұлы Отан соғысының " 70 жылдығы келе жатыр. Бұл біздің елдер үшін айтулы дата болмақ. Сондай-ақ, биыл тағы бірнеше кездесулер болады деп жоспарлануда. Осыған орай Мәскеуде үлкен жиын болмақ. Біз сол жиынға қатысатын боламыз. Сонымен қатар, Қазақстан ТМД-да төрағалық етеді. Біз күзде ТМД елдері басшыларын осы Астанада күтеміз. Осы жиындарда біз ЕАЭО туралы сөз етеміз. Енді одаққа Қырғызстан қосылуы мүмкін деп күтілуде.

В.В.Путин, РФ Президенті: - Біз осы жиын барысында ЕАЭО-жұмыстарын, алдағы уақытта жоспарларын талқыладық. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы екеуіміз жеке кездесулер барысында Қазақстан - Ресей қарым-қатынастарын, екі ел арасындағы экономикалық интеграциялардың маңызды мәселелерін сөз еттік. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде атап өткендей биыл біздің елдер үшін айтулы меркелер мен жаңалықтарға толы жыл болмақ. Биыл "фашизмді жеңгенімізге" 70 жыл толады. Біздің елдерді экономикалық, техникалық және инновациялық ортақ жобалар тығыз байланыстырып тұрады. Біздің үштіктің ЖІӨ көрсеткіші ТМД елдерінің ЖІӨ-нің 85 пайызын құрайды. Біздің елдер арасындағы тауар айналымының былтырғы жылғы көрсеткіші 60 млрд. долларды құраған. Осының бәрін ескере келе, келештегі Еуразиялық одақ аясында ортақ вальюталық одақ құру туралы сөз қозғайтын уақыт жетті деп есептеймін. Өздеріңізге мәлім, әлемдік дағдарыстар мен мұнай бағасының құлыдауына байланысты ЕАЭО-ның жұмысы біраз тұралап тұр қазір. Осындай кезеңде ортақ вальютаны айналымға енгізу өте тиімді болмақ.
А.Г.Лукашенко, Белоруссия Президенті:
- Бүгінгі кездесулер барысында біз өте маңызды шешімдерді қабылдадық. Ол ЕАЭО-ның жаһандық дағдарыс кезеңіндегі экономикалық, ресурстық, интеграциялық, инновациялық тұрақтылығы. ЕАЭО елдері арасындағы өзара тауар айналымын ұлғайту үшін бірінші кезекте әкімшілік кедергілерді азайту керек деп есептейміз. Сондай-ақ, бүгін Астанада қабылданған шешімдердің жүзеге асқанын, оның қортындысын біз 8 мамыр күні Мәскеуде өтетін ЕАЭО жиынында талқылайтын боламыз.
Осылайша, одақтас мемлекеттің басшысы Путин мырза Астанаға келіп, ортақ вальюталық одақ құруды ұсынып кетті. Оған ләм-мим деген Назарбаев пен Лукашенко жоқ. Ал Астанаға келіп тұрып, ортақ вальютаны құруды нақтылап ескертіп келкен Путиннің мәлімдемесінен кейін көкейімізге көп сұрақтың оралатыны анық. Ортақ валюта, ортақ шекара, ортақ әуе кеңістігі, ортақ әскер, ортақ экономика, ортақ зейнетақы жүйесі, ортақ парламент, ортақ оқулық, ортақ тіл...
Тәуелсіз не қалар екен бізге?
Нұргелді Әбдіғаниұлы