Ресейдің Охотскі теңізінде кеме апатқа ұшырап, 54 адам қаза тапты, деп хабарлайды "Қамшы" порталы.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Ресейдің Камчатка жарты аралы, Охотскі теңізінде балық аулаушы траулер теңызге батып кеткен. Кемеде барлығы 132 адам болған. Олардың 54-і қаза тапқан. Ресейдің құтқару қызметі кеше мұзды су құрсауында қалып қойған 63 адамды аман алып шыққан. Кейбір деректерде, қаза болғандардың көбі, мұзды суда үсіп өлген, деп көрсетілген.
Интерфакс таратқан мәліметтерде, апатқа ұшыраған кемеден құтқарылғандардың көбінің денесін үсік шалған деп айтылған. Құтқарылғандардың ішінде 10-нан астамы есіне келмеген, қазір олар ресейлі ауруханаларға жатқызылған.
Ал кеменің 15 экипаж мүшесінің денесі табылмаған. РФ ТЖМ ресми мәлімдемесінде апатқа ұшыраған кемеде болған барлық азаматтардың денелері іздестіру үшін барлық күш жұмылдырылған делінген. Сондай-ақ, ерікті тұрғындардан 25-ке жуық балық аулаушы кемелер көмекке келген. Қазір ресейлік құзырлы комиссия кеме апатының неден болғандығын тексеруде.
Алдын ала көрсетілген мәліметтерде көрсетілгендей, апатқа ұшыраған кемеде Латвия, Украина, Мянмар, Натуату елдерінің азаматтары болған.
Нұрзат Тоғжан