Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ вальютаны айналымға енгізу туралы бастаманың болашағы жоқ. Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төраға орынбасары Рақым Ошақбаев мәлімдеме жасаған. ҰКП орынбасары Ошақбаевтың айтуынша, ЕАЭО құрылған кезде, үш жақты келісімшарт жасалған. Ол келісімдерде ортақ вальюта енгізу туралы сөз қозғалмаған. Сондай-ақ, Ошақбаев мырза, ортақ вальюта қысқа немесе ұзақ мерзімде енгізілетін болса, Қазақстан экономикасының перспективасы төмендейтінін. Яғни, экономика әрі қарай өзінің дамуын тоқтататынын айтқан.
""Мемлекет басшысы өзінің сөзінде, ЕАЭО - бұл саяси одақ емес, экономикалық одақ", деп нақтылап түсіндіріп берген. Сондықтан бұл науқандық мәселе төңірегінде шектеледі, бұл баяны жоқ әңгіме деп есептеймін. Сондай-ақ, көптеген сарапшылар, біздің одақ аясында ортақ вальютаға көшуге дайын емес екенімізді айтып дабыл қағуда. ортақ вальюта - бұл интеграцияның ең жоғарғы шегінде болуы тиіс. Біз әуелде, макроэкономикалық, қаржылай-несиелік т.б. мәселелерімізді ретке келтіріп алмай жатып, ортақ вальюта туралы сөз қозғаудың өзі әбестік. Сондықтан, мен ЕАЭО аясында ортақ вальюта енгізуге, Қазақстанның сол ортақ вальютаға көшуіне түбегейлі қарсымын",-деген Ошақбаев мырза.
Естеріңізде болса, Ресей Федерациясы Президенті В.Путин Астанада өткен ЕАЭО басшылары кездесуінде одақ аясында ортақ вальюталық одақ құру туралы бастама көтерген болатын. Сондай-ақ, Путин, одаққа мүше үш ел иық тіресіп жұмыс істегенде ғана жаһандық дағдарыстар мен экономикалық қатерлерден ортақ нарықты аман сақтап қалуға болатынын айтқан.
Нұрзат Тоғжан