Шаяхмет ҚАЛИ. НАМЫС

/uploads/thumbnail/20170708173944223_small.jpg
ҚАДЫРСЫЗ

  Аталы сөз айтпасаң, Даналығың қадырсыз. Баталы сөз айтпасаң, Даралығың қадырсыз.   Мейірленіп айтпасаң, Әкелігің қадырсыз. Пейілденіп айтпасаң, Жәкелігің қадырсыз.   Емірентіп айтпасаң, Енелігің қадырсыз. Елжіретіп айтпасаң, Төрелігің қадырсыз.   Сүйіндіріп айтпасаң, Шешендігің қадырсыз. Күйіндіріп айтпасаң, Көсемдігің қадырсыз.   Бадырайтып айтпасаң Батырлығың қадырсыз. Ақиқатын айтпасаң, Ақындығың қадырсыз.   Дәлелімен айтпасаң, Ғалымдығың қадырсыз. Мәнерімен айтпасаң, Ханымдығың қадырсыз.   Былдыр - былдыр айтпасаң, Балалығың қадырсыз. Қызығына батпасаң, Аналығың қадырсыз.   Әділдігін айтпасаң, Адалдығың қадырсыз. Ар - ұяттан аттасаң, Адамдығың қадырсыз.    

       НӘПСІ

  Бірде ананы мақтайсың, Бірде тұрып даттайсың, Бал тамызып тіліңнен, Ішіңе у сақтайсың.   Бірде күліп алдайсың, Бірде жылап қарғайсың, Алжастырып адамды, Абжыландай арбайсың.   Бірде сайрап шындықты, Бірде сайлап сұмдықты, Қу түлкідей құбылып, Қайдан таптың қулықты ?   Бірде анаумен шабысып, Бірде тату табысып, Күнің өтіп келеді-ау, Ғұмыр бойы алысып.   Екі көзің алақтап, Екі езуің жалақтап, Жер түбінен жетесің, Жемтік көрсең далақтап.   Көре қалсаң қарасын, Салып ұрып барасың, Диуды да дұғалап, Нәпәқаңды аласың.   Сайқалды да алдайсың, Сайтанды да арбайсың, Құнықтырған қу нәпсі, Бүйтеберсең  түбінде, Оңбайсың-ау,  оңбайсың !    

              КӨРДІК

  Қәперге алып саспаған, Қайырлы қадам баспаған, Ананы көрдік тасбауыр, Қағынан жеріп тастаған.   Қыршаңқы малдай қашаған, Қылығын тауып тасадан, Әкені көрдік опасыз, Отбасын ойран жасаған.   Бересің қалай бағасын, Тоздырып туған анасын, Баланы көрдік шикіөкпе, Әкенің алған жағасын.   Замана қалай алжасқан, Жамандық қайдан жармасқан ? Атаны көрдік ар кетіп, Келнімен күнде салғасқан.   Қырғидай тиіп қырқысқан, Қырмызы бетті жыртысқан, Енені көрдік кертақыс, Тарамыстайын тыртысқан.   Аңдысып іштей арбасқан, Ант су ішіп алдасқан, Пендені көрдік тұрақсыз, Адалдық арын шаң басқан.   Көлгірсіп көзге мақтаған, Көпірме сөзбен оттаған! Достыда көрдік екіжүз, Есебін ішке сақтаған.   Ас берсе құйып пейілсіз, Ісіңе келсе бейімсіз, Туғанды көрдік туысқа, Тубастан туған мейірсіз.   Бәрінде көрген мына бас, Біреге мүмкүн ұнамас. Сіздерге қайдам, маған шын. Айтпасам арым шыдамас!    

     НАМЫС 

  Жеріңді қорғамасаң намыс. Еріңді қолдамасаң намыс. Жан алып - жан беріскен жағаласта, Жауыңды қорғаласаң намыс.   Отанды сүймегенің намыс. Отанға күймегенің намыс. Азғындап ақылыңнан ақымағым, Рухыңнан күйрегенің намыс.   Тіліңді білмегенің намыс. Дініңмен жүрмегенің намыс. Ұлқтар ұлы болсаң, ұлтыңды Көзіңе ілмегенің намыс.   Еліңе ермегенің намыс. Пейіліңді бермегенің намыс. Торғайдай тоз -тоз болып ұясы жоқ, ОТАНҒА  келмегенің намыс    

      АРМАН ЖОҚ

  Берерім беріп халыққа, Таңбамды басып тарихқа, Жем болып кетсем арман жоқ, Теңізге батып балыққа.   Есемді қосып еліме, Еңбегім сіңіп жеріме, Кіріпте кетсем арман жоқ, Қараңғы қапас көріме.     Айтарымды айтып қазаққа, Айналып ірі ғажапқа, Түсіп те кетсем арман жоқ, Ақірет күні тозаққа.   Майданда берік нық тұрып, Найынсаптарды ықтырып, Адалдығымды арман жоқ, Жұртыма кетсем ұқтырып.

shaiahmet

Ш. Қалиұлы 02.04.2015

Связанные Статьи