ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің "Көші-қон, еңбек және әлеуметтік қорғау" комитетінің төрағасы Ақмади Сарбасов шетте жүрген этникалық қазақтарға Қазақстан азаматтығы мен оралман куәлігін алуда бірқатар жеңілдіктер қарастырылады деп мәлімдеді. Бұл туралы "Қамшы" порталы хабарлайды.
"Қазіргі таңда елімізде шетте жүрген қандас бауырларымызды, этникалық қазақтарды өздерінің атамекендеріне, яғни, Қазақстанға әкелу үшін, оларға бірінші, жағдай жасап, түрлі әлеуметтік жеңілдіктер көрсететін заң жобасы әзірленуде. Аталмыш заң жобасында шет елдерден көшіп келетін этникалық қазақтарға оралман куәлігін алуды жеңілдету, оралман куәлігін алғаннан соң, бір жылдың ішінде Қазақстан азаматтығын беру, (қай облыс немесе аймаққа қоныс аударса - сол жерден құжаттарын әзірлеп беру), сондай-ақ, көшіп келіп қоныстанған жерінде түрлі әлеуметтік жеңілдіктерді, коммуналдық шығындар, көлік шығыны, баспанамен қамтамасыз ету, мектеп жасындағы балаларға қолайлы мектептерге орналастыру және т.б. секілді бірқатар жеңілдіктер қарастырылған",-деді Сарбасов.
ҚР ДСӘДМ өкілінің айтыуынша, аталмыш заң жобасы қазір ҚР Парламентінің қаралуына жіберілген.
Ал ҚР Конституциясының "ҚР Азаматтығы" туралы бабында Қазақстан азаматтығын шет елдерден келіп, ҚР территориясында кемінде жыл тұрған этникалық қазақтар ала алады делінген. Сондай-ақ, аталмыш куәлікті алу үшін ҚР азаматымен шаңырақ көтеріп, кемінде 3 жыл ҚР территориясында тұруы шарт.
"Дей тұрғанмен, ҚР азаматтығын алу туралы жаңа әзірленген заң жобасында шеттен келген қандастарымызға оралман куәлігі және Қазақстан азаматтығын алуда жеңілдіктер жасалады деп көрсетілген. Сонымен қатар, парламентке қаралуға жіберілген материал қаралуға жіберілген мерзімнен 3 айдан артық жатуға болмайды", дейді Сарбасов мырза.
Нұргелді Әбдіғани