Маңғыстау облысы елімізде алғашқы болып аналогты хабар таратуды өшіріп, цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшті. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Салтанатты шараға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев арнайы келді. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов және «Қазтелерадио» АҚ Басқарма төрағасы Искандер Тәжібековтің қатысуымен цифрлық телевизияға көшу салтанатты рәсімі өтті.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев облыс тұрғындарын құттықтады.
«Шежірелі Маңғыстау облысы толығымен цифрлық телехабар таратуға көшкен еліміздегі ең алғашқы аймақ. Маңғыстауда цифрлық телехабар тарату үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан Ералы Лұқпанұлы бастаған жергілікті әкімдік пен «Қазтелерадио» ұжымына атқарылған ауқымды жұмыс үшін алғыс айтамын. Біріншіден, бұл «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған нақты қадамның бірі. Цифрлық хабар таратуды енгізу қала мен ауыл арасындағы ақпараттық алшақтықты төмендетеді, – деді ол цифрлық эфирлік телехабар таратудың артықшылықтарына тоқтала келіп.
Өз кезегінде Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшу шеңберінде жасалған жұмыстарды қорытындылады.
«Хабар таратудың жаңа қалыбының тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында 21 радиотелевизиялық станция құрылысы салынып, жаңғыртылды, бұл халқының саны шамамен 500 мың адамды құрайтын 47 елді мекенді, яғни облыс халқының 99% қамтуға мүмкіндік береді. Бұл жоба бойынша 2014 жылы Жаңаөзен қаласы цифрлық эфирлік телехабар тарату жүйесіне көшті. Енді, міне, толықтай жаңа форматқа елімізде ең алғашқы облыс болып Маңғыстау өтуде. Облысымызда цифрлық телехабар тарату желісінің қамту аумағы 99%-ті құрады. Өңіріміз қазір аналогтық телехабар тарату желісінің өшіруге дайын. 14 елдімекен жер ерекшеліктеріне байланысты цифрлық телехабар тарату жүйесіне тікелей қосылу мүмкіндігі жоқ болса да, біз ауылдарды «OTAU TV» жерсеріктік телехабар жүйесіне қосу арқылы 100 % телехабар таратумен қамтамасыз еттік», - деді Ералы Тоғжанов.
«Қазтелерадио» АҚ Басқарма төрағасы Искандер Тәжібеков республиканың барлық аумағы бойынша инфрақұрылымның цифрлық эфирлік хабар таратуға көшуге дайындық барысы туралы хабарлады. Тәжібаевтың мәліметінше, Цифрлық хабар таратуға толықтай көшу үшін бүкіл еліміз бойынша 827 радиотелевизиялық станцияны пайдалануға енгізу керек. Бүгінгі таңда 414 РТС салынған. 2018 жылдың аяғына дейін тағы 130 жуығын аяқтау жоспарлануда. Қалған станциялар 2019-2020 жылдардағы кезеңде аяқталатын болады. Аналогты хабар таратудың толықтай өшірілуі 2021 жылы іске аспақ.
Оставить комментарий