Республикалық эко-фестиваль Ақтауда мәресіне жетті

/uploads/thumbnail/20181105101718137_small.jpg

Экологиялық фестиваль бұған дейін Қазақстанның 12 қаласында өткен. «Бірге жарқыраймыз!» шарасының Ақтауда өткен жиынында өңірдің экологиялық ахуалы, қалдықтарды өңдеу, тұрғындардың қоқыстарды жүйелеу психологиясын қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Фестиваль мақсаты – білім беру мекемелері арасында экологиялық мәдениетті дамыту, таза, жасыл қала ретінде Ақтау идеологиясын насихаттау, энергия үнемдейтін технологияларға, бөлек қалдықтарды жинау үрдісін балалар мен ата-аналар арасында қалыптастыру.

БҰҰ Даму Бағдарламасы, Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының ұйымдастыруымен өткен фестиваль аясында арнайы брифинг ұйымдастырылды. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономикалық реформаның және өңірлердің дамуы жөніндедегі комитеттің мүшесі Майра Айсина, Дамыту қоры төрағасының орынбасары Татьяна Немцан, ҚР БҰҰ ДБ өкілдері, МО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Дүйсен Құсбеков, ҮЕҰ өкілдері мен мәслихат депутаттары қатысты.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина басқа өңірдің адамдарына Маңғыстау табиғатына бейімделу қиынға соғатынын, кез келгеннің мұндағы ауа райына шыдас бермейтінін тілге тиек етті.

— Біздің келген мақсатымыз бәрін талқылап, мәселені 1-2 күннің ішінде шеше салу емес. Осы мәселеге халықтың назарын аудартайық, өзіміз бастама жасайық деген ой болды. Астанада кеңседе отыра берсең, аймақтарда, ауылдарда не болып жатқанын білмейсің. Араласаң, қайда қандай мәселе бар, қай жерге көңіл бөлу керектігінен хабардар боласың, — деді ол.

2019 жылдан бастап макулатура, шыны қалдықтарын қоқысқа тастауға рұқсат етілмейтін болады. Осыған байланысты мамандар дайындық жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтып, оған дайындық барысын сөз етті.

— Қоқыс өңдеу зауытын салуға мүмкіндігіміз бар. Бірақ бізде қоқыстарды жеке-жеке сұрыптау психологиясы қалыптаспаған. Еуропада қалдықтардың өңделу көрсеткіші 60-70% болса, бізде 10%. Осының бәрін реттеу үшін балабақшадан бастап университет студенттеріне дейін жұмыстар жүргізуіміз керек. Біз Еуропаның 30-40 жылда жеткен жетістігін 10 жыл көлемінде жүзеге асыруымызға әбден болады. Сондықтан психологияны қалыптастыру

үшін жан-жақты шаралар қолдану керек, — деді техника ғылымдарының кандидаты Нұраддин Жайылхан.

Фестиваль аясында «Бірге жарқыраймыз!» арт жобасы, энергоэффективті квест және «Біз таза Каспий үшін» атты жағалаудағы тазалық шаралары ұйымдастырылды.

Оставить комментарий

Связанные Статьи