Астанада өткен бүркітшілердің xалықаралық турнирінде маңғыстаулық құсбегі Айшуақ Тайманов жеңімпаз атанды.
20-21 қазан күндері Астана қаласы Алаш тас жолының бойында Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы Халықаралық құсбегілер жарысы өтті. Екі күнге созылған жарысқа Моңғолия, Қырғызстан, Қазақстаннан отызға жуық қыран мен еліміздің он облысынан құсбегілер қатысты. Қыран құстар сайысының нәтижесі бойынша Жамбыл облысы I орын, Атырау облысы II орын, Маңғыстау облысы III орын алды. Кіші құстардан, яғни ителгі сайысынан I орынды Маңғыстау облысы, II орынды Астана қаласы, III орынды Атырау облысы иемденді.
«Ителгім әлі балапан. Есімі – Жебе. Дайындағаныма 3-4 ай болды. Ителгімді әлі дала аңына салып көргенім жоқ. Балапан болғандықтан, тек осы сайыс ережесі бойынша дайындадым. Негізгі сүйікті ісім – құсбегілік. Ителгімді тек жарысқа дайындаған болатынмын. Ал аңға алдымызда келе жатқан қансонарда саламын», — деді маңғыстаулық жеңімпаз Айшуақ Тайманов.
Тайманов Айшуақ, бүркітші, 1988 жылы Тұщыбек ауылында дүниеге келген. Бос уақытында құс ұшырып, қақпан құрумен, саятшылықпен айналысады.
Құсбегі ауылда бауырларына еріп, солардан көріп құсқа деген қызығушылығы оянғанын айтады. Бала кезінен үлкен әкесі мен өз әкесіне еріп қақпан құрып өскен. Ал құсбегілік шаңырағында мүлдем болмаған дейді.
«Жарысқа бүркіт пен ителгімді апардым. Ителгі — кіші құс. Алатын аңының ең ірісі - қоян, үйрек секілді аңдар. Ал бүркіт бабына келсе, қасқырға дейін алады. Ең қиыны — бүркітті баптау. Оны аңға салу үшін 40-45 күн арытады. Ең бірінші орында бүркіттің іш-құрылысының тазалығы. Егер қыранның асқазанында май болса, құс салған аңына айнып, бармай қалады. Соның барлығын қадағалап отыру қажет. Құсты баптағанда боз жем, ақ жем, сары бөртпе беріп баптаймыз», — дейді құсбегі Айшуақ Тайманов.
Оставить комментарий