Бұл жөнінде қоғамдық денсаулық сақтау қызметі бөлімінің басшысы Ғалым Алтураев мәлімдеді. Маңғыстау облысы 2018 жылдың 1 сәуірінен бастап медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізу бойынша пилоттық жобаға енді. 2017 жылы Медициналық ақпараттық жүйе 4 денсаулық сақтау ұйымында болса, бүгінде 34 ұйымға (29 – мемлекеттік, 5 – жеке меншік) енгізілген.
Маңғыстау облысында 89 медициналық нысанның барлығы 100 пайыз интернет желісімен қамтылған. 2612 жұмыс орны 98 пайызға компьютерлік техникамен жабдықталған. 5911 медициналық қызметкер министрлік порталдарын пайдаланады.
— Облыста 20-60 жас аралығындағы 345 мың интернетбелсенді халық бар. Олардың 116 357-сі «DamuMed» мобильді қосымшасын пайдаланушылар. Сонымен қатар облыстағы барлық медициналық ұйымдарға тіркелген халық саны 676 109 болса, оның 636 016-сының электронды денсаулық куәліктері толтырылған. МАЖ-де 1 709 840 адам медициналық қызмет алған, — дейді Ғалым Бисенбайұлы.
«DamuMed» мобильді қосымшасы арқылы еңбекке жарамсыздық парақтары мен лабораториялық зерттеулердің нәтижелерін алуға болады. Сондай-ақ дәрігерді үйге шақыру қызметі, дәрігерге онлайн жазылу мүмкіндігі қарастырылған. Тексерістен өтуіңіз қажеттігі жөнінде (прафилактика, скрининг, флюорография т.б.) ескертпе келіп тұрады. Қосымшаның «Менің денсаулығым» бөлімі тіркеуде тұрған жүкті әйелдерге қызмет етеді. Медициналық жүйе қолданысқа енгізілгеннен бастап 49 347 дәрігерді үйге шақыру қызметі орындалған. Оның 21 мыңнан астамы мобильді қосымша арқылы жүргізілген.
Оставить комментарий