«Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес 14 қараша күні республика бойынша жалпыхалықтық диктант өтеді. Шараның мақсаты –латыннегізді қазақ тілі әліпбиін, емле ережелерін меңгеру, оған бейімделу және тілді меңгеруге деген қызығушылықты арттыру.
Диктан жазудың алдында 15 минут бұрын тыңдаушыларға латыннегізді қазақ əліпбиі мен оның емлесі таныстырылады және жаңа әліпби нұсқасы, арнайы жазу парақтары таратылады. Маңғыстау облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы мәліметінше, диктант мәтіні аудиоқұрылғыдан үш рет дыбысталады. Дыбысталу жылдамдығы тіл меңгеру деңгейінің талабына сай. Қатысушылар мәтінді бірінші рет оқығанда мұқият тыңдап, екінші рет оқығанда жазуы керек. Одан соң қатесін тексеру үшін мәтін тағы бір рет оқылады. Әрбір дыбысталу аралығында үзіліс болады.
Диктант республика бойынша бір күнде, бір уақытта жазылады. Бекітілген мәтін (80-90 сөз) аудиожазбасының ұзақтығы 30 минут. Республикалық шараға Маңғыстаудан 80 мың адам қатысады деп жоспарланған.
Диктант жазуға 15 жастан асқан барлық азамат қатыса алады. Қатысушылар өздерімен қаламсаптарын алып келуі тиіс.
Белгіленген орындарға келіп қатыса алмайтын тұлғалар диктантты emle.kz, tilalemi.kz сайттарының басты бетінде орналасқан сілтемемен компьютер немесе ұялы телефон (смартфон) арқылы кіріп, белгіленген уақытта диктант аудиосын тыңдай отырып жаза алады.
Диктантты жазып болған соң сканерлеу немесе фотоға түсіру арқылы tilalemi.kz@gmail.com электрондық поштаға жолдауы қажет. Сондай-ақ диктант аяқталған соң аталған сайтта диктанттың дұрыс нұсқасы мен диктантты бағалау өлшемшарттары шығады. Әрбір пайдаланушы жұмысын дұрыс нұсқамен салыстыра отырып, өлшемшарттарға сәйкес өзін-өзі бағалай алады.
Арнайы құрылған жұмыс топтары диктант қорытындысын шығарып, 5 күнтізбелік күн ішінде статикасын жариялайды.
Оставить комментарий