«Нұрлы жол» инфрақұрылымын дамыту бағдарламасын іске асыру барысында мемлекеттік бағдарламаның еліміздің жалпы ішкі өнімінің өсуіне айтарлықтай әсер етіп, сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға едәуір ықпал еткенін байқауға болады. Сонымен бірге, бүкіл Қазақстан бойынша қазіргі заман талабына сәйкес әрі сапалы автожолдарды салуға баса назар аударылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2017 жылдың қаңтарында жариялаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында өткен жылда «Нұрлы жол» бағдарламасы толықтай ақталып, едәуір жақсы нәтиже бергендігін және экономиканы толыққанды жүргізушісі ретінде одан әрі іске асыру міндетін қойғанын атап өткен болатын.
«Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және қайта жаңарту бойынша 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 528 шақырымы жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек. Елдің көліктік және транзиттік әлеуетін толығымен көтеру үшін көршілес елдермен өзара ынтымақтастық пен үйлестіру қажет. Тауарларды транзиттеудің еркіндігін қамтамасыз етіп, көлік дәліздерін құрып, оларды жаңғырту қажет. Көлік инфрақұрылымын басқару мекемесіне, сервис қызметінің өте сапалы әрі жоғары деңгейде болуына және әкімшілік кедергілердің толығымен жойылуына баса назар аудару қажет. Транскаспийлік дәлізінің бойындағы қозғалыс көлемінің ұлғаюына байланысты Құрық порты құрылысының екінші кезеңіне аяқ басып, жолды кесіп өтуге мүмкіндіктер жасауды қолға алу қажет», - делінген жолдауда.
2018 жылы автомобиль жолдарын салу мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыс орнының саны да едәуір көбейген. Егер 2017 жылы 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, оның 70 пайызы жол құрылысына бағытталған болса, 2018 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысында 75 мың жұмыс орны пайда болған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда жұмыс орнының көбейгенінің нақты дәлелі бола алады.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін 6,5 мың шақырымға жуық ақыы жолды енгізу жоспарланып отыр. Олардың ішінде ағымдағы жылы 471 шақырым іске қосылды. Олар: Астана-Теміртау бағытындағы автомобиль жолы, Алматы-Қапшағай бағытындағы автомобиль жолы және Алматы-Қорғас бағытындағы автомобиль жолы болып табылады.
Жалпы, 2020 жылға дейін жеті мың шақырым жолды реконструкциялап, құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, транзиттік контейнерлік жүк тасымалының санын 10 есеге дейін – 2 миллион контейнерге дейін арттыру көзделуде. Ал әуе жолаушыларының тасымалын 4 есеге дейін – 1,6 миллионға дейін арттыру жоспарлануда.