Аты — қазақ, ойы — ағылшын. Ол кім?

/uploads/thumbnail/20170708175211944_small.jpg

Кейінгі кезде балаларын қытай, хинди, кәріс секілді Шығыс тілдерін үйретуге мүдделі ата – аналалар көп. Олар ұл – қыздарын жеті-сегіз жасынан тіл курстарына қатыстырып, тіпті сол тілде еркін сөйлету үшін шет мемлекетке оқуға жіберіп жатады. Дегенмен, бір назар аударатын жайт бар. Ол — қазақ балаларының шет тілін көбінесе бөтен тіл арқылы үйренуі.

Шығыс тілдерін үйренуші топтарды бірнеше жыл бақылау нәтижесінде мынандай қорытындыға келдік: топтағы 10 оқушының (3 орыс баласын қоспағанда) алтауы орысша, үшеуі ағылшынша, тек біреуі ғана қазақша ойлайды екен. Мұғалім сабақты шет тілінде өткізеді. Бұл балалардың жылдам сөйлеп кетуі үшін керек. Сабақ барысында мұғалім қазақ, орыс немесе ағылшын сөздерін қоспайды. Өйткені, басқа тілдің сөзі көп айтылса, тіл үйрену тежелетіні белгілі. Аудиториядағы он қазақ баласының алтауы түсінбеген сөзінің баламасын орыс тілінде сұрайды. Үшеуі тек ағылшынша ұғады. Олар сөздерді ағылшын тіліндегі аудармасы арқылы жаттайды. Бір ғажабы бұл үшеуінің қазақ тілі тұрмақ, орыс тіліне аударылаған сөйлемді түсінбей қалатын кездері болады. Ал ағылшынша айтсаң тез түсінеді.

Оқытушы бір тақырып төңірегінде сөйлеткенде әр оқушының қай тілде ойлайтыны анық байқалады. Орысша ойлайтын алты қазақ баласы білмейтін сөздерінің орнына орыс сөздерін қосып айтады. Ал үшеуі британиялық ағылшын сөздерін шығыс тіліне икемдеп дыбыстауға әуес. Олар көбінесе үйреніп отырған тілде жазуға, оқуға ерініп, ағылшынша баламасын қолдана салуға әуес.

Бұл оқушыларды ешкім еш жерден іріктеп топтастырмады. Әркім өз еркімен Шығыс тілін үйренуге ден қоюда. Дегенмен, арасында әке – шешесінің нұсқауымен амалсыз келіп жүргендер де бар. Тілді әркім өз шамасына қарай меңгереді ғой. Бірақ 90 пайыз қазақ тобында орыс тілін былай қойып, ағылшын тілін ана тіліндей көретін қазақ балаларының болуы күйзелісті нәрсе. Бұнда Шығыстың қиын тілін оқып – үйренуге арналған оқу құралдары себеп емес. Өйткені, оқулықтар тек сол тілде жазылған. Мәселе бөтен тілді ағылшын тілінде қабылдайтын жас ұрпақтың қатары көбейіп бара жатқандығында. Олардың барлығы қазақ мектептерінде оқыған, 16 мен 21 аралығындағы жастар. Солардың бірі — Айжан деген қыздың ағылшынға қалай айналғанын айтайын. Ол Алматыдағы қазақ мектебінде оқып жүріп, ағылшын тілнің курсына қатысқан. Ата – анасы оны жазғы каникулда Англияға айлық тіл курсына да жібереді. Ақырында оның британиялық, американдық достары көбейіп, өзі ағылшынша таза сөйлейтін болады. Американ фильмдерін тамашалауды, ағылшын музыкасын тыңдауды әдетке айналдырады. Британиялық модельердің сән үлгісімен киінеді.

Отбасында орысша, достарымен ағылшынша сөйлесетін осындай Айжандардың қатары көбейіп барады. Олар өздерін қазақ екенмін деп ойламайды. Өйткені, миы — ағылшын, болмысы — батыс. Олар — 1991 жылдан бастап елімізге енген америкаландыру, батыстандыру идеологиясының ықпалын бойына сіңірген алғашқы өскіндер. Ұлтсыздану жас ұрпақтың миын улаудан басталатынын осыдан көруге болады.

Шарафат Жылқыбаева

Связанные Статьи