Туған ұлдан Тойотаны артық көргендер ұзақ мерзімге темір торға қамалды. Бүгін Астана соты ерлі-зайыптыларға 7 жыл үкім кесті.
Себебі тасбауыр келіншек күйеуімен сыбайласып жаңа туған шақалағын көлікке айырбастамақ болған деп хабарлайды КТК арнасы. Бірақ қылмыс үстінде қолға түсті. 3 ай тергелген атышулы іс бүгін небары 3 сағатқа созылды. Ал үкімді естігенде, туған баласынан безінген әйел жылап жіберді. Жаңа туған ұлын саудаға саламын деп жас жұбайлардың күллі елге аты шықты. Құрсағын жарып шыққан сәбиін сатып байымақ болған ана да не істеп қойғанын енді түсінгендей. Бірақ қаңтар айында ойына түк кірмеген еді. 3 ай бұрын Любовь Түкенова перзентханадан шыққан бойда, құндақтаулы бөбегінен құтылуға асықты. Алайда “тірі тауарды” күйеуімен бірге Тойотоға айырбастап жатқанда қолдарына кісен салынған болатын.