«Дарабоз-2015»: Бас жүлде 1 миллион теңге!!!

/uploads/thumbnail/20170708175247675_small.jpg

Бүгін, 22-сәуір  Қазақстан баспасөз клубында Х жылсайынғы халықаралық «Дарабоз-2015» сыйлығына арналған баспасөз конференциясы болып өтті. Онда спикер ретінде қатысқан аталмыш шараның ұйымдастыру комитеті, спонсорлар мен келіп түскен шығармаларға әділқазылық ететін жазушылар мәлімдеме жасады. Естеріңізге сала кетсек, 2006 жылдан бері елімізде «Дарабоз» атты балаларға арналған шығармалар үшін бәйге ұйымдастырылып келеді. Биылғы жылы игі шараның басы-қасында жүрген «Бауыржан» қайырымдылық қоры жобаны жаңа деңгейде өткізуді көздеп отырғаны мәлім болды.

Баспасөз конференциясында алғы сөзді алған «Бауыржан» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Жұлдыз Омарбекова конкурсты ұйымдастыру комитетінің төрайымы ретінде «Дарабоз» конкурсына шығармаларды қабылдау мерзімі үстіміздегі жылдың 20-мамырына дейін жалғасатынын хабарлады.

- Биыл «Дарабоз» конкурсы «ЖерСу» инвестициялық өндірістік корпорациясының қаржылай қолдау көрсетуінің арқасында оныншы мәрте өткізілгелі отыр. Осы мерейтойлық мерзімді ескере келіп, биылдан бастап шығармаларды тек қазақ тілінде ғана емес, сонымен қатар, орыс тілінде де қабылдауды жөн санап отырмыз. Тағы да бір қуантарлық жайт, үздік шығармалар топталған жинақтан бөлек, биылғы жылы «Атамұра», «Дәуір», «Алматы кітап», «Аруна» баспалары лайық деп таныған бір-бір кітаптың шығарылымын мойындарына алып отыр. «Ел боламын десең -  бесігіңді түзе» деп бекер айтылмаса керек! Біз  өскелең ұрпақты батысқа еліктеуден,  діни ағымдардан, интернеттегі адам шошытарлық түрлі қатерлі ақпараттардан сақтандырғымыз келіп шарқ ұрамыз. Алайда, оларды қоғамнан бөліп жарып тәрбиелей алмайтынымыз айқын. Себебі, адамның күні адаммен. Адаммен араласпай  - құраласпай болмайды. Бала да сол сияқты. Оның болашақта қандай азамат болуы қоғамға, және жан жақтан ағылып келіп жатқан ақпаратқа тікелей байланысты. Бұл тығырықтан шығатын бірден-бір жол, ол - кітап. Кітап - осы қауіпті вирустарға төтеп беретін иммунитет іспетті рухани азық. Сондықтан бүгінгі сіз бен біздің міндетіміз Балалар жазушыларына қолдау көрсету. Сол арқылы дүниеге бүлдіршіндер қауымына арналған мықты шығармалардың көптеп келуіне септігімізді тигізу; кітап тираждарын көбейтіп, тегін тарату, сол шығармалармен өскелең ұрпақты тәрбиелеу. Елін көркейтер, еңбегіне адал, ел қамын жейтін ұрпақ тәрбиелеу, деп сөзін жалғады спикер.

Конкурсты қаржыландырып келе жатқан "ZHERSU" инвестициялық өндірістік корпорациясынан өкіл ретінде қатысып отырған  "ZHERSU" ИӨК Басқармасы Төрағасының орынбасары Шара Сиргебаева сөз алып, - Корпорация президенті Оспанов Бауыржан мырза ұзақ жылдар бойы осы тектес шараларға көп көңіл бөліп, қаржылай қолдау көрсетіп келеді.  Биыл "ZHERSU" инвестициялық өндірістік корпорациясы жобаға 6 млн көлемінде қаржы бөліп отыр. Ол қаржы конкурста жеңімпаз атанған авторларға жүлде ретінде үлестіріліп, қалғаны кітап шығаруға жұмсалатын болады. Балалар әдебиеті - олардың болашағы, біздің болашығымыз. Сондықтан бұл іске ат үсті қарауға болмайды. Биылғы жылы осы шараны жаңа деңгейге өткізуге келісім беріп, қолға алып отырған «Бауыржан» қайырымдылық қорына рахметімізді айтамыз. - деді.

Өз кезегінде Дарабоз конкурсының бастамашысы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, балалар жазушысы Шәкен Күмісбайұлы конкурстың әділ өтетін  айтып өтті. Бүгінге дейін  авторлар шығармаларды жасырын атпен жіберіп келген болса, биылдан бастап ашық конкурсқа айналатын болады.

-Өз басым конкурстың екі тілде өтетінін қолдаймын – деді спикер, қоғам қайраткері София Раева. - Елбасымыз айтқандай ең бастысы бірлік! Өз тәжірибемнен белгілі болғандай, біздің қоғамда орыс тілді оқырман балалар мен орыс тілді жазушылар жеткілікті. Қолдау болса, болашақта  қазақ салт дәстүрін, ғұрпын жалпақ жұртқа танытатын шығармалар көптеп дүниеге келеді деп сенеміз.

Сонымен қатар, қоғам қайраткері  өмір туралы, отанға сүйіспеншілік туралы  кітаптардың аздығын айта келіп, - Жазушы деген қысқа мерзімде ақшаға жасап шығаруға болатын әртіс не әнші емес, олар тума талант, сондықтан жазушыларды бағалай білу керек деді.

Баспасөз конференция барысында мәлім болғанындай, биылғы конкурстың жеңімпаздарына тағайындалатын жүлде қоры төмендегідей:

  1. Гран при (біреу) - 1 000 000 тг + кітап шығару үшін Баспамен келісім-шарт
  2. 1 орын (екеу) - 700 000 тг + кітап шығару үшін Баспамен келісім- шарт
  3. 2  орын (екеу) - 300 000 тг + кітап шығару үшін Баспамен келісім- шарт
  4. 3 орын (екеу) - 200 000 тг + кітап шығару үшін Баспамен келісім- шарт
  5. БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІН ДАМЫТУҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ҮШІН (біреу)\

Шығармашылық бәйгеге қабылдау ережесін мына арадан оқи аласыздар: http://qamshy.kz/?p=23008

Связанные Статьи