- Шыңғыс қағанға дейін де, кейін де тарихта аты қалған ұлы тұлғалар аз болмаған. Бірақ олардың бірде-біреуінің артында дәл Шыңғыс қаған атамыздікіндей аса мол құпиясы қалған жоқ. Демек, әлем тарихындағы ең құпияға толы тұлғалардың бірі, әрі бірегейі – Шыңғыс хан. Ол туралы шындықтың кейбір беттері әлі ашылмай келеді. Ол өте текті, дарынды, сұңғыла, ақылды, батыр, көреген, дана, әулие, досқа адал, дұшпанға қатал, жомарт, екі сөйлемейтін және бір ауыз сөзге тоқтайтын өте мәрт адам болған. Шынында да, ол кейбір тарихшылар жазып жүргендей жабайы, надан болса, неге оған жарты әлем бағынды, неге оны бүкіл әлем (ЮНЕСКО) «соңғы екі мыңжылдықтың ең ұлы тұлғасы ретінде» мойындап отыр. Қатыгез, жауыз болса оның айналасынан бірде-бір адам, оған бағынышты болған бірде—бір ел неге сатқындық жасамаған.
Әрбір «қисық» әрекеттің «қисық» салдары болады емес пе?! Бұл жерде ол жоқ. Демек, көрсетілген тұжырымдардың бәрі жалған, ойдан шығарылған өтірік.
- Олардың (орыстардың) жазып жүргеніндей, егер Орыс елін үш ғасыр бойы моңғолдар билесе, орыс тіліне неге моңғол сөздері емес, тек қана қазақ сөздері ғана енген? «Алтын Орда» мемлекеті құрылған күнінен бастап жазылған құжаттардың түгелі, шығарған теңгелеріндегі жазуға шейін қазақ тілінде екені дәлелденіп отырса, «моңғол тілі» қайда? Орыс ақсүйектерінің 40 пайызының тегі қазақ та, неліктен олардың ішінде моңғол тектілері жоқ?
Демек, бұл тұжырым да жалған, ойдан шығарылған өтірік.
- Орыс тарихшылары құрылтайда Шыңғысты хан көтеруге қатысқан рулардың барлығын «моңғолдар» деп атады. Жеме-жемге келсек, құрылтай мен хан деген атаулардың өзі – қазіргі моңғолда жоқ сөздер. Ал, Алтын орда хандарының есімдері, қалалар мен ондағы әскери және әлеуметтік атаулардың барлығы кілең қазақ сөздерінен тұрады. Ал, қазіргі моңғолдар орыс шовинистерінің осы қитұрқылығын пайдаланып, Шыңғыс ханды өздеріне меншіктеп алды. Ашығын айтсақ, Алтын орданың тарихына буддаға табынатын олардың еш қатысы жоқ. Орыс тарихшыларының осындай қарапайым дүниелерді де ажыратуға ақылдары (білімдері) жетпеген.
- Лондондағы ежелгі эпостардың тізімінде тұрған «Оғызнама» (б.э.д. 1Ү ғасыр) дастанындағы Шыңғысхан шыққан Қият руының дүниеге келуі жайлы аңызды әйгілі орыс ғалымы Бичурин былайша береді. «Бұл рудың атасы садақ атудан аса мерген болған, оның атқан оғы қиялай атса да нысанадан мүлт кетпеген. Сондықтан, бұл рудың негізін қалаушыға Қият деген есім берген, яғни оны қиялай атушы деген». Бұған, бүгінгі моңғолтанушылар, былайша жауап береді:
- Бұл өтірік. Бұл Шыңғысханның тегін түрік ету үшін арнайы жасалған жоба.
Иә, өтірікте шек болмайды деген осы да. Демек, олардың (өтірікшілердің) тұжырымынша б. з. д. 1Ү ғасырында осы болып өткен Қияттар (Шыңғысхан) жайлы қазіргі «өтірік» оқиғалардың негізін жүздеген жыл бұрын салып кеткен. Қазақ атам мұндайды «Тілде сүйек жоқ» деп тұжырымдаған.
Түсініктеме: Қиян (Қият) руы Адайдың Мұңалынан өрбиді. Адайдың шежіре дерегі бойынша Адай – Келімберді – Мұңал – Жаулы – Жары – Қиян (Қият) болып таратылады. Бұл дерек Адайдың әйгілі биі Алшын Меңдалыұлы шежіресінен алынды («Адай шежіресі». Алматы-2002. 67 бет).
- «Шыңғысханды ЮНЕСКО «екі мыңжылдықтың ұлы қолбасшысы» деп танығаннан бастап,
Нобель сыйлығының иегері неміс Ханс-Петер Дюррдан бастаған Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменов, қалмақ Давид Кугультинов, әзірбайжан Эльчин, тәжік Мумин Каноат сынды белгілі мәдениет қайраткерлерінен құрылған топтан маза кетіп, мемлекет басшылары мен қоғам қайраткерлеріне үндеу жариялады.
«Жаулаушының отанында – деп жазды олар, – халықаралық қауымдастық алдындағы беделі мен абыройын және ұлттың рухын көтеру мақсатында адамзат тарихындағы ең жауыз басқыншыны ар-ұяттың бостандығы үшін күресуші, жер бетіне бейбітшілік орнатушы ретінде ұлықтау жолға қойылуда. Шыңғысхан атындағы Моңғолияның ең үлкен мемлекеттік ордені тағайындалып, Ұлан-Батырдың орталығында Шыңғысхан мен оның тоғыз әскербасына арналған биіктігі 20 және 17 метр, құны шамамен 19 млн. АҚШ долларын құрайтын ескерткіш кешенінің іргетасының қалану рәсімі сәнді салтанатпен аталып өтті. Халықаралық конференциялар мен форумдар ұйымдастырылып, өте үлкен көлемде арнайы кітаптар шығарылды. Еуразия құрлығындағы жазықсыз құрбандардың төгілген көз жасы мен қанын елемей, билеуші-басқыншыны ашық дәріптейтін мұндай ұятсыз әрекеттер әрбір мемлекеттің халықаралық саясатын бей-жай қалдырмауы тиіс» (Қайрат Зәкрянов. Шыңғысхан моңғол ма, татар ма, әлде қазақ па? «Қазақ үні» газеті. 20 тамыз 2014 жыл).
Бұлардың айтқандары рас болса, бүкіл әлем елдері неге Шыңғыс қағанды менің атам деп таласып жатыр. Неге оның өсиеттерін біздер, яғни қазақ халқы 800 жылдан бері ұмытпай, мүлтіксіз орындап келеміз. Неге кейбіріміз адамдардың тек қана жақсыға таласатынын есімізден шығарып алдық.
- «... Орыс әдебиетінде некен-саяқ айтылатын дерек сол Сүбедей мен Жебе ноян әскерінің құрамындағы ұландар өзіміздің арғы тегіміз – түркі тайпалары емес пе! Киевті жаулап алған Батыйдың бес жүз мың қолының он мың басшысы ғана моңғолдар болды да, қалғандары түрік тілдес тайпалардың ұландары еді ғой...» (Б.К.Албани «Қазақия» Алматы 1998. 18 бет). Түп-тамырымен қате тұжырым. Сонда қалай, бес жүз мың қол және олардың артында тұрған сан миллиондаған халық өзге тілде сөйлейтін өзге ұлттың ат төбеліндей ғана адамдарына бағынып, айтқанына көніп, айдағандарына жүргені ме?! Ақылға сыймайды. Моңғолдар (Мұңалдар) қазақтың тек қана нағыз бел баласы емес, олар қазақтың қарашаңырағының да иесі болатын, сондықтан да Темірші ханды қазақтың он екі биі Қазтаудың басына ақ киізге көтеріп алып шығып, Теміршінің де, оның хан деген лауазымын да, таудың да аттарын өзгертіп Теміршіні Шыңғыс, хан деген лауазымын Қаған, сол сияқты таудың да атын Шыңғыс деп өзгерткен болатын. Шыңғыс ханның тегінің қазақ екендігіне бұдан артық қандай дәлел керек.
Қазақтарды қырғынға ұшыратты дейтіндердің, Отырарды дәлелге келтіретіндері бар. Негізгі шындығы ол кезде Отырар қаласын Парсылық бағыттағы Хорезм патшалығы билеген. Шыңғысхан елшілерін өлтірген Қайыр хан сол Хорезмнің адамы болатын. Шыңғысхан тек оның жазасын беріп, Отырар қаласын өзімізге қайтарды. Тарихи шындық осы. Басқа еш жерде қазақтарды қырды деген ақпарат жоқ, себебі ол өз елі, өз ұлтын жақсы көрді. Кейбір бағынбаған басшылар болған шығар, оларды орнына қою қай мемлекетте де кездеседі.
Шыңғысхан қазақ даласындағы бірде-бір румен (елмен) соғысқан жоқ. Қазақ даласы Шыңғысханды өз баласы болғасын, оған өз еріктерімен қуана қосылды.
- Кейбір тарихшыларымыз Юний Ювеналдың «Ешбiр қатыгез жан бақытты бола алмақ емес» деген сөзiн келтiре отырып, Шыңғысханды адами бақыттан құралақан озбыр ретiнде суреттейдi. Ал бiз бiлетiн Шыңғысхан туралы француз халқының ұлы перзентi Наполеонның «Мен Шыңғысхандай бақытты бола алмадым» деген мойындау сөзi бар. Шыңғысханның ұлылығына бұдан артық қандай мойындау қажет!
- Жиырмасыншы ғасырдағы «Ұлы Ресейдің» мансап иелері мен оқымыстыларының сауатсыздығы соншалық жалпақ дүниені жайлап жатқан қазақты азғана қырғызбен және сонау сегіз ғасыр бұрынғы қазақ (түркі) жұртын моңғолмен шатыстырды. Осындай қарапайым дүниені де ажыратуға олардың білімдері жетпеді.
- Біздің мектеп оқытушыларына арнаған әдістеме де, Қандай қаланы олар (моңғолдар) опасыздықпен басып алды? «Отырардың күйреуі» жайлы не білесіңдер? Моңғолдардың қазақ даласын жаулап алуының зардаптары. 2. Баласағұн қаласының орны мүлдем жоғалып кеткен. Егін шаруашылығының жүйесі бұзылды. Қазақ халқы қалыптасуының аяқталуы 200 жылға кешеуілдеді. Мәдениеттің дамуына кедергі болды (Отырар кітапханасы) деп, күні бүгінде де жазулы тұр және олар бүгінгі ұрпақты осылай оқытып жүр («Моңғол империясының құрылуы» Ұстаздар сайты u-s.kz).
Демек, бүгінгі қазақстан тарих ғылымының ақиқат пен жалғанды, елін-жерін шексіз сүйген арлы азамат пен сатқынды, яғни адал менен арамды ажыратуға білімдері жетпей келеді.
«Мәйекті сөзін айтпаған білімді ғалымнан,
Түйсігін айтқан ақымақ артық» (Шыңғыс қаған өсиетінен).
Сіздер не дейсіздер?
Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау