Тамара Дүйсенова: "Көші-қон туралы" заңға не керек екенін түсіндік

/uploads/thumbnail/20170708175330978_small.jpg

Бүгін Қайрат Бодаухан екеуміз Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың қабылдауында болдық. Тамара Босымбекқызына жолығуға жол сілтеп, көмек қолын созған қазақтың аяулы азаматы Сабыр аға Қасымов.

Кездесуде Қ.Бодаухан мырза Астана маңынан «Асар» қоғамдық ұйымы салып жатқан тұрғынүйлердің жер телімдеріне қатысты Астана әкімдігімен арадағы түсініспеушіліктер туралы әңгімелесті. Ал, мен баяғы Көші-қон, оның Мәжілісте талқыланып жатқан Заң жобасы, аты шулы екі анықтаманы күшінен қалдыру туралы, Төлқұжат беру тәртібіне сілтеме жасай отырып, өз ойларымды жеткіздім. Соған байланысты жазып апарған ұсыныс хатымды тасырдым.

Көші-қон заңындағы 49-бабының 2)-тармағын бір жола алып тастау, ал 9)-тармақта көрсетілген «ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы болған;»-ын анықтауды "Ішкі істер органдарының құзыретіне" беру керектігін барынша дәлелдеп бақтым. Бүйтпеген жағдайда, бұл Заң жобасының да құны болмайтынын кесіп айттым. Мысалы, 49-бабтың 2)-тармағында көрсетілгендей, «сотталғанға дейiн тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстан Республикасынан тыс болған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған;» болса, ол адам мұнда тұрақты тіркеуге алынбайды. Тұрақты тіркеуге тұрмаса, ҚР азаматтығын ала алмайды.

Сіз ойлаңызшы, ол адам өз елінде жүргенде түрлі себеппен сотталған болуы мүмкін: мысалы, қасақана адам өлтірді дейік, Қытайда ондайлардың жазасы – өлім не өмірлік қамақ! Оған шетелге шығу – мәңгі жоқ! Абайсызда – машинасы тайып, кісі қағып кетсін. Күнәсі дәлелденіп, бес жыл отырып шықсын. А, оны неге тұрақты тіркеуге алмасқа, азаматтық бермесе??! Жазатайым іс қой! Мүмкін, қазақтың намысын қорғап, өзге ұлтты тілдегені тіпті ұрғаны үшін кесіліп кетіп, жазасын өтеп шықсын. Оны да жолатпауымыз керек пе?!! Демек, бұл ТАРМАҚ әу баста сауатсыз қосылған не әдейі жасалған!!! Ал, 49-бабтың 9)-тармағында «ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы болған;» болса делінген. Адамзатқа апат әкелетін, мемлекеттің тыныштығын шайқалтатын қылмыскерлерге қаратылса керек! Дұрыс!!! Бірақ, мұндай адамдар шетелде сотталмай, бостандықта тайраңдап жүреді дегенге кім сенеді. Мысалы, Сарнаевтарды немесе өзіміздің Қажығұмар Шабданұлын еске алыңыз. Бұл кісілер тұрған елдері үшін, әрине, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағандар есептеледі. Қазір олар қайда?! Алдыңғысы АҚШ түрмесінде отыр. Соңғысы туған жеріне жете алмай көз жұмды. Бүкіл Алаш жұрты болып, Қытайдан сұрап ала алмадық қой... Ең қызығы, 49-баптағы «Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас тарту не оның күшін жою үшін негiздер» осы екі тармақпен бітпейді, бақандай және 13 тармақ бар! Жиыны 15 тармақ! Шынын айтсам, қылмыскер тұрмақ, ұшқан шыбын кіре алмайтындай берік!

Сондықтан, бұл ТАРМАҚТЫ алып тастамаған күнде, қажет болған жағдайда анықтауды Құзырлы орындар өз міндетіне алып, сұрау салу арқылы тексерсе болады. Сонда, оралмандардан аты ШУЛЫ ЕКІ АНЫҚТАМА, тағы бірдеңесін кіргізіп жібермесе, талап етілмейтін болады. Бекер обалы не, министр Тамара Қасымқызы бұл уәждерді ықыласпен тыңдап, бірден «ТҮСІНДІМ, БОЛДЫ!» деді. Біздің де көздеген мақсат осы – ТҮСІНДІРУ болатын. Нақ майданда орынбасары мен комитеттің жауатысына тапсырма берді. Заң жобасын өз бақылауында ұстап, қадағалайтын болды. Сонымен бірге, бұл күндері үй-жайын сатып, біржола келіп алып, тұрақты тіркеуге тұра алмай отырған отырған отбасылардың да жағдайын есіне салып үлгірдім!

Бұл жолғы Заң жобасының авторы – осы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өзі! «ТҮСІНДІК!» деді ғой, жаман бола қойиас!!!

24.04.2015 Астана

Ауыт Мұқибек

Связанные Статьи