Жастар жылы жарияланды. Байқаймын, биыл жас болғысы келіп жүргендер көп. "Кім біледі, науқаншылдықпен әлдеқандай бір жәрдемге не қызметке, тым болмағанда, марапатқа ие болып қалам ба?" деген «мысық дәме» шығар. Бір танысым «жас деп кімді айтамыз?» деп қалды. Енді біреуі «жасым 42-де, әлі жас шығармын» деп қуақылана көзін қысты. Маған салса, қылшылдыған 40-қа дейінгілердің бәрін де жас дер едім. Бірақ, олай емес қой. Заңға жүгінейік. Қазақстан Республикасының Президенті 2015 жылғы 9 ақпанда бекіткен «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңының 1-бабы 3-тармағында «жастар – Қазақстан Республикасының 14 жастан 29 жасқа дейiнгi азаматтары» деп тайға таңба басқандай жазылған. Осы Заңда «ерлi-зайыптылардың екеуi де 29 жасқа толмаса» жас отбасы, «29 жасқа толмаған, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және білім туралы құжатта көрсетілген мамандық бойынша үш жылдан аспайтын уақыт жұмыс істеп жүрген Қазақстан Республикасының азаматын» жас маман деп түсіндірілген. Ендеше, «жас» деп 14-29 жас аралығындағы іні-қарындастарымызды айтады екенбіз. Кейбір деректерге сүйенсек, мұндай жастар жалпы халықтың 30 пайызын құрайтын сыңайлы. Кешегі, әлімжеттікке ғана өресі жетіп, өз құрдасына жұдырық ала жүгірген мектеп оқушылары да біз жас деп қабылдап отырған – 13-14 жастағы жасөспірімдер! Өкінішті...
Мәселен, египеттік Мозайя Бриджес 13 жасында-ақ көбелек-галстук бизнесін жолға қойып, қаржы айналымын 200 мың долларға (55 млн 600 мың тг) жеткізген. Сол сияқты испандық Асима Сираси 14 жасында Испаниядағы тік жартасты Open Your Mind шыңын бағындырған. Ал америкалық 14 жасар Ахмед Мохамедті ұйқыашар сағат ойлап тапқаны үшін Барака Обаманың өзі жеке қабылдауына шақырған. Джейден Смит 17 жасында Джеки Чанмен бірге «Каратэ-пацан» фильміне түсіп, сомдаған рөлі үшін 5 млн доллар қаламақы алса, қазір оның жеке есепшотында 14 млн көк қағаз жатыр. Қазақты әлемге танытқан Димаш Құдайберген «Славян базарында» Гран-приді ұтып алған кезде небәрі 21 жаста болатын. Бекзат 20 жасында-ақ Олимпиада чемпионы атанды. Жастардың ынта-жігеріне, қабілетіне қатысты айта берсек, мұндай мысалдар көп.
Қане, 14 жас пен 29 жас аралығындағы замандастарым, біз биіктерді бағындыруға, жаңалық ашуға, елімізді өркендетуге, құрбы-достарымызды маңызды істерге жұмылдыруға дайынбыз ба!? Жоқ, әлде, үлкендер жағы әзірлеп берген науқаншыл шаралардан аса алмай, жалтақтықпен жыл өткіземіз бе?
Бекжігіт Сердәлі, Facebook парақшасынан
Оставить комментарий