Шетте жүрген бауырластарға: "Бұрыңдар көшті атамекен жаққа"

/uploads/thumbnail/20190124164516045_small.jpg

Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. Бүгін Қазақстан жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздіктің 10 жылы» медальдарының иегері Оразақын Асқар өмірден озды. 

1961-95 жылдары ҚР ҒА Тарих, этнографиялық және ар­хеологиялық институтында, Қазақстан жазушылар одағында, республикалық Мемлекеттік кітап палатасында, "Жалын" баспасында әр түрлі жауапты қызмет атқарды. "Түңғыш"(1964), "Мейірім" (1969), "Күнгей" (1975), "Ләйла" (1977), "Көкорай" (1979), "Балқарағай" (1981), "Сәулет" (1984), "Таудайбол!" (1984), "Белжайлау" (1985), "Өркеш" (1987), "Керімсал" (1991), "Баркөрнеу" (1992), "Орбұлақ" (2000), "Тәуелсіздік тартулары" (2001) атты жинақтары жарык көрді. Асқар қазақтың қара өлең түрлерін ұзақ жылдар бойы ел ішінен жинап, жиырма мың жолдық "Қара өлең" атты екі кітабын жариялады.

Шетте жүрген бауырластарға

Шетелге кетсеңдер де бауыр басып,
Құтты орын тепсендер де ауырласып,
Атажұрт шақырады тұқымым деп,
Құшағын байтақ дала, тауың да ашып.

Бөленіп онда бәрің байлық, баққа,
Тіпті ие болсаңдар да атақ, даңққа,
Бірге ұрпақ барсын жарқын болашаққа,
Бұрыңдар көшті атамекен жаққа.

Қазағың жетті ежелгі арманына,
Жағдайдың қарамаңдар бар, жоғына,
Ілінбеу үшін елдік бірлік керек
Ешқашан енді ешкімнің қармағына.

Уақытша көрсендер де қиыншылық,
Мың артық күн кешуден қорқып-бұғып,
Қожа боп өз жеріңде өз еліңе
Не жетсін тер төгуге соны ұғып.

Астында өз аспаның, өз туыңның,
Өз ауа, нәрін жұтып өз суыңның,
Қандастар қапы қалма, орны бөлек
Күнде өз әнұраныңмен оянудың.

Мәнге ие сәттерің көп елде өтетін,
Озбыр жоқ сыбағаңнан кенде ететін.
Бәріміз ұйымдасып көркейтейік
Қазақтың бейбіт, дербес мемлекетін.

 

Үйрен ана тіліңді!

Өз тіліңсіз көрсең де өз күніңді,
Өз тіліңсіз болсаң да асқан білімді.
Өз халқыңа бола алмайсың азамат,
Білмей тұрып туған ана тіліңді.

Әлде қалай жоғалтса ана баласын,
Бала іздеп таппай ма өз анасын.
Өгей шеше секілді өзге тіл де өгей,
Өз тіліңмен ертерек тап жарасым.

Сенде айып жоқ, тілің де емес кінәлі,
Ешкімнің жоқ болса да оған күмәні.
Үйренбесең, өз тіліңді білмесең.
Жазықсыз-ақ жазғырып ел тұрады.

Қаның жаның, қазақы ұлттық түрің бар,
Сенен үлгі алар қызың, ұлың бар.
Перзентісің еркін, азат халықтың,
Тәуелсіз ел, мәртебелі тілің бар.

Екеуіңе 

Қиын да емес, оңай да емес үй болу,
Ой бөлу үйге, қамқорлық жасап үйрену,
Көңілін табу, қабағын бағу жарыңның,
Екеу боп өмір сүрудің жолын игеру.

Болады онда ішкі де сыртқы – саясат,
Аяйық жарды біреуді егер аясақ.
Жақсы үйде болмақ әскери қатаң құпия,
Жүрмеңдер әсте ішкіні сыртқа жая сап.
Қашанда жарға керегі жылы назарың,
Жалғызсыратпа, тартқызба күту азабын.
Мен сүйтіп едім, сен неге бүйтпей жүрсің – деп
Сауданың үйге орнатпау керек базарын.

Асығыстықтан, ашудан абзал безінген,
Дос болу керек қашанда сабыр төзіммен.
Жар деген өзің, өзім деп тапқан жалғыздың,
Кешірімді бол, келіспей жүрме өзіңнен.

Киелі зат жоқ – жарыңның махаббатынан,
Екеуіңді де аялауға оны шақырам.
Көсегелерің көгерсін! - берген ақ батам,
Беремін барлық үлкен үйлердің атынан.

Ұлым жатыр ұйықтап

Батырындай баяғы ертегінің,
Жатуынды-ай ұйықтап,тентек ұлым.
Сарбаздарай сақтықты серік еткен,
Қысып ұстап сабынан семсерінің.

Сынып мылтық,
Майысып қылыш жатыр,
Тұрмастай боп құлапты қрысты піл.
Арыстан да айырылып айбатынан.

Үркіп барып,
Бұғып бір бұрышта тұр.
Машиналар жұрдай боп дөңгелектен,
Сыры көшіп, өзінен өң де кеткен.
Шашылған зат,айнала аңғартады,
Кішігірім шайқасты бөлмеде өткен.
Төңкеріліп бір шетте жатыр танкі,
Аюдыңда көкке ұшқан атақ-даңқы.
Шақырам деп тәртіпке титықтаған
Шешеңнің де басы әне әңкі-тәңкі.

Жайлы төсек іздемей, жасырынбай,
Алаңында ойынның жатуыңды-ай.
Демін алған жеңістің майданында
Ертегінің байырғы батырындай!

Ұсынған: Әсел Болатқызы

Оставить комментарий

Связанные Статьи