Шолпан Елгезекова жайлы ештеңе білмейтінмін. Соңғы түскен телехикаясындағы образына сүйсініп, «Қандай ғажап әйел!» деп таңдай қақтым да, қойдым. «Елгезекованы жол апатынан қайтыс болды» дегенде ғана оны тани бастадым. Қазақ киносы қандай шебер актрисасынан айрылғанын сонда бір-ақ білдім. Шолпан қаза болғаннан кейін оның аты аталған жердің бәрінде «Шабдалы» көркем фильмі де қоса айтылып жүрді. Алдымен фильмнің атауы қызықтырды. Осы кино арқылы актрисаны да танығым келіп, бір түнде бір деммен көріп шықтым.
Қостанайда 2 жыл өмір сүріп, Жетісайдың да беташар тойына қатысып көрген мен бұл фильмнің шынайы өмірді дәл көрсете алғанына шүбә келтірмеймін. «Шымкенттің жігітіне тұрмысқа шықпау керек», «Дипломды алғаннан кейін ертерек жұмысқа орналасу керек», «Жұмысқа орналасу үшін міндетті түрде таныс табу керек», «Қызды танитын, текті жердің жігітіне тұрмысқа беру қажет», «Тойды дүркіретіп жасау керек», «Оқыған қызға көбірек қалың мал төлеу керек», «Шымкенттіктер келінді құлша жұмсайды», деген сияқты қазіргі заманның қатып қалған қағидалары мен қазақтың бойына әбден сіңген әртүрлі әдеттерін әдемі бейнелеген екен.
Фильмнің желісі жеңіл де, күрделі де емес. Атауы да ерекше. Әдетте қазақ кино түсірсе «Өмір мәні», «Көңіл сәні», «Жүрек жыры», «Сезім сыры» деген шаблондарды таңдай салмаушы ма еді?.. Бұл жолғы атау өзгерек.
Елгезекова фильмнің сәтті кадрлары үшін балшық пен шалшыққа батты. Сан түрлі күйге түсті, бірде жылады, бірде ашуға мінді. Ой, Алла-ай, не деген эмоцияға бай! Ол солтүстіктің салқындау көзқарастағы менталитетін дәл беріп, прокурордың зайыбының мінез-құлқын жақсы бейнелеген.
Қысқасы, фильмнің өн бойында бәрі бар: махаббат, өсиет, құрмет, иман, сыйластық, қанағатшылдық, сенім, қарапайымдылық, еңбек, бауырмашылдық, адамгершілік, қонақжайлылық.
Қазақ киносы сапалы бір фильммен толыққан екен. ...Кино бар, бірақ енді Елгезекова жоқ. «Шабдалы» Шолпанға арнап жазылған секілді көрінді маған немесе Шолпан «Шабдалы» үшін туғандай.
Ақерке Әбілхан
Оставить комментарий