Қария қызын күтіп, жол бойында 10 жыл отырған. Тайландтық әскери қызметкер Бангкокта болған бұл оқиғаны Facebook-тегі парақшасына жариялады.
Порамет Мисомфоп жолда отырған қарияны 30 қаңтар сәрсенбі күні байқаған. Жергілікті кафелердің бірінде шай ішіп отырған әскери қызметкер қарияны ұзақ бақылады. Сөйтіп ол жайында білу үшін жақын маңдағы дүкен сатушыларынан сұрастырыпты.
Осылайша қарияның ұзақ жылдар бойы орнынан тапжылмай отырғанын біледі. «10 жыл бұрын осы жерден бір көлік өте шықты, рөлде бойжеткен қыз отырған еді. Ол тоқтап, қарияны көліктен шығарды да, бірнәрсе айтты. Алайда, не айтқаны белгісіз», - деді тұрғындардың бірі.
Бойжеткен қыз қарияны сол отырған жерде қалдырған екен. Кейін қария дүкен қызметкеріне қызы жұмыс істеу үшін кеткенін айтады, содан бері қария «қызым келгенде, мені осы жерден табады» деп сенеді. Ер адам қызының кез келген уақытта келетініне сенімді.
«Ертеңінде терезеден қарасам, әлі отыр екен», - деді дүкен қызметкері.
Алғашында ешкім мән бермеген екен, бірақ қарияның орнынан кетпей отырғаны тұрғындарды алаңдата бастады. Қарияға жаны ашыған дүкен қызметкері күнде тамақ әкеліп тұрады.
Әскери қызметкер де қарияға көмек ұсынып көрді, алайда ол бас тартты. «Қызым келеді, келеді, келші, қызым» дегеннен басқа түк айтпады. Ал Мисомфоп қарияның суретін желідегі парақшасына жариялады. Мақсаты – қарияның қызын тауып беру...
Ұсынған: Гүлім Жақан
Оставить комментарий