Алып адамның ішкі ағзасына кіріп көргіңіз келе ме? Нидерландта бұл әбден мүмкін нәрсе. Себебі елде адам денесінің алып мұражайы бар. Табалдырығын аттаған бойда өзіңді нағыз адамның ішіне еніп кеткендей сезінесің. Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырманын адам ағзасына саяхаттауға шақырады.
Мұражай Нидерланд астанасы Лейден қаласында орналасқан. Ғимараттың бейнесін адамға ұқсатып жасаған, ал ішіне кірер есігі әлгі «адамның» тізесінде екен. Мұражай бірнеше қабаттан тұрады.
Ішіне кіретін адамның жүйкесі де мықты болуы тиіс. Себебі адамның түрлі ағзасынан құралған қалаларды көресіз.
Адамның сан еті мен қанның ақ және қызыл түйіршіктерінен басталған сапар бұдан әрі қыза түседі. Адам ағзасы мұражайы жалпы 7 қабаттан тұрады.
Әсіресе, бұл физиологияны ерекше жақсы көретін жандар үшін таптырмас мүмкіндік, себебі бәрі шынайы іспеттес. Ішіне кірген адам қанның қызметі, жүрек соғысы, тамыр соғысын бақылап жүретін шыбын-шіркей секілді. Есту қабілеті, бұлшық ет жүйесі, дыбыс байланыстары, сүйектер мен тістері – бәрін тыңғылықты зерттеп алуға болады.
Әр ағзаның жұмысы арнайы монитордан көрсетіледі, тіпті шынайы даусын да естуге болады. Адам баласы өзін алып адамның ішіне кіріп кеткендей сезінеді. Экскурсия арнайы көзілдіріктермен тіпті қыза түседі.
Бір қызығы, мұражайдағы адам ағзасынан ана жатырында жаңа өмірдің, яғни сәбидің пайда болу құбылысы да көрсетіледі екен. Бұл процеске, әсіресе әйел адамдар ерекше қызығушылық танытатын көрінеді.
Ал кішкентай балаларды секіріп ойнауға болатын «адамның тілі» қызықтырады.
Мұражай гидтері сапар барысында адамдарға ағзаның әр құрылысын, жұмысын таныстырады. Адам ағзасына зиян келгенде іш құрылысында қандай процесс орын алатынын да мұражайға кіріп, біле аласыз.
Музей жобасын жасауға 12 жыл кетіпті, ал құрылысы 2 жылға созылған. Жалпы мұражай құрылысы үшін 30 миллион доллар жұмсалған көрінеді. Ғимараттың өзі негізінен әйнектен, ал адам ағзалары тот баспайтын болаттан жасалған. Ғимараттың ұзындығы – 35 метр.
Дайындаған: Гүлім Жақан
Оставить комментарий