Елбасы резиденциясына тазалаушы болып кірген журналист: Дәретханасы да, ваннасы да алтын

/uploads/thumbnail/20190226111048673_small.jpg

Динара (есімі өзгертілген) есімді журналист осыдан 10 жыл бұрын президент резиденциясына үй тазалаушы болып барған екен. Сондағы көргендері мен басынан кешкендері жайлы Esquire тілшісіне айтып берді.

Бұл оқиға осыдан 10 жыл бұрын болған. Ол кезде ажырасқан жас ана едім. Университет бітіріп, жарнама газетінде жұмыс істеп жүрдім. Мықты журналист болуды армандап жүрген балауыз кезім. Өзім тұрып жатқан лашықтан босап, мегаполиске көшуді мақсат тұтқан кезім. Әйтеуір ұлымның балабақшасы мен тамаққа ақша табылса, төбем көкке жетіп қуанып жүрген кезім. Осылайша жұмысқа орналастыру агенттігін басқарған Қарлығашпен таныспын.

Көктемнің салқын кеші еді. Біздің редакцияда жұмыс қызып жатыр. Себебі қалаға ресми сапармен президент келеді деген хабар тарады. Сұхбат алмасақ та, барлық қалалық БАҚ әкімдікке жұмыс істеуі тиіс еді. Мәселен, қаладағы негативті жаңалықтарды жазуға тыйым салынды.

Дәл сол сәттердің бірінде маған Қарлығаш хабарласты. Ол демалыстың бір күнінде бақандай 3 мың теңге табыс табуды ұсынды: президент резиденциясын тазалау. Сөйтіп өмірімде алғаш рет өзге ғимаратты тазалауға аттанып кеттім. Ойыма неше түрлі қулықтар келе бастады. Резиденция ішін суретке түсіріп, белгілі басылымға сатып жіберсем бе екен?..

Ғимаратқа кіру мәселесі шешілді, ал фотоаппарат мәселесі қиындау болды. Мені қуып жіберсе қайтемін, ал фотоаппаратымды тартып алса ше, әлі төленбеген несиесі бар.

Жә, ұялы телефоныммен-ақ кіре беремін, сапасыз түсірсе де, камерасы бар. Ең бастысы фотоның эксклюзив болғаны. Жолым болатынына сенімді болдым. Себебі «үй тазалаушылар, бақташылар мен таксишілерді ешкім байқамайды, олар көзге көрінбейді де» деген фраза есіме түсті.

Белгіленген күні қалалық әкімдікке бардым. Сонда жиналған 20 шақты әйелдің ішінде қайда баратынымызды мен ғана білетін секілдімін. Бойымды бір діріл биледі, қорқыныштан емес, қобалжығандықтан болу керек. Бірде түрлі тылсымдарды ойлай бастадым.

Міне, жолға шықтық. Айналамызда не үй, не ғимарат жоқ. Қаладан он шақты шақырымға қашық орналасқан үлкен қақпаға кірдік. Жылына миллиондаған салық төленетін мекенге келдік.

Айтпақшы, видео бақылау болған жоқ. Металл іздегіш те болмады, еркін кірдік. Сонда фотоаппаратымды алмай шыққаным үшін қатты өкіндім.

Алғашқы президентіміздің резиденциясы қандай? Іші дөңгелек. Күмбезді шатыр. Ауласында дөңгелек хауыз, ал жанында арка, не үшін тұрғаны белгісіз. Арка есіктер мен дөңгеленген баспалдақтар.

Жалғыз жатын бөлме бар, дәл ортасында орналасқан дөңгелек төсек. Қатты үлкен емес, қарапайым екен. Қатты күрең барқыт перде. Қызықтың бәрі жуынатын бөлмеде. Төбесі әдемі мозайкалармен қапталған. Алтын түске боялған раковина мен дәретхана. Бәрі алтын!

Мұндай ғажапты өмірімде көрген емеспін. Бұл сәтті тиімді пайдалануға тырыстым. Бөлменің есігін жаптым да, бірнеше кадр жасадым. Ең бастысы, үлкен айнада өзім көрініп қалмасам болғаны. Бірақ бір минут болмай, бөлмеге жүзі суық қауіпсіздік қызметінің қызметкері кіріп келді. Ол есікті ішінен жаппауымды сұрады. Егер қысылып тұрсам, астында қызметкерлерге арналған арнайы бөлменің бар екенін мәдениетті түрде түсіндірді.

Түскі уақытты да сәтті пайдаландым. Менімен бірге келген тәтелерім түстеніп жатқанда, жатын бөлмені де түсіріп алдым. Ваннаны да, мағынасыз арканы да, хауызды да түсірдім. Тәтелерім мені "ерігіп жүр" деп ойлап, баспалдақты жууға мәжбүрледі. Сол күні ауырып қалғанымды айтып, досыма хабарласып, әлгі жерден кетіп қалдым. Шығар кезде де мені ешкім тексерген жоқ.

Ал бұл оқиға қалай аяқталды дейсіздер ғой? Қарлығаштың нөмірінен бір ер адам хабарласып, телефондағы суреттердің бәрін өшіруімді талап етті. Ешкім тексермеді, қорқытпады, тіпті аңдымады да. Ал суреттерді баспаға өткізіп қойсам, не болар еді? Шүкір, оған жетпеді. Тіпті бұл жағдайларды анам да білмеді. Жай ғана суреттерді өшіре салдым.

Аударған: Гүлім Жақан

Оставить комментарий

Связанные Статьи