Сұлулық қанша тұрады?

/uploads/thumbnail/20190304145230567_small.jpg

Қазіргі уақытта еліміздегі хирургия саласы, оның ішінде пластикалық хирургия жақсы дамып келеді. Мамандарымыз кез келген шетелдік хирургпен тең деңгейде деп ауыз толтырып айта аламыз. Шетелге қарағанда техникалық жабдықтау жағынан сәл арттамыз. Дегенмен жыл сайын құрал-жабдықтар да түгенделіп келеді. Беттің әжімі, көздің қабағы, қалқан құлақ, қисық мұрынды түзету сынды кез келген операцияны отандық дәрігерлеріміз жасауға дайын.

Пластикалық отаның бағасы әртүрлі. Ше­телмен салыстырғанда, елімізде ана­ғұр­лым арзан. Салыстырмалы түрде «арзан» деген аты болмаса,  қарапайым халық үшін құны бар сомма. Сонда да бағасына қарамастан пышық көмегіне жүгініп жатқандар саны аз емес.  Әйтсе де, бұл оталардың қажеттілігі, пайдасы неде? Сән үшін де пластикалық отаға жүгінетіндер саны неге артты? Елімізде бет-жақ әлпеттеріне ота жасай­тын­дардың 50 %-ы жол апатына ұшы­рағандар немесе түрлі жағдайда орын алған оқыс оқиғаларда зардап шеккен адамдар көрінеді. Тағы да өзінің сырт келбетіне көңілі толмайтын жандар дәл осы отаға жүгініп жатады. Операцияға баратындардың 80%-ы қыз-келіншектер. Олар қабағына қатпар салу, құлақ, мұрын, ернінің пішінін өзгерту, әжімін тарту, емшек бездерін үлкейту, артық майдан арылу сияқты мәселелермен келеді. Бірақ, дәрігерлердің айтуынша олардың бәріне бірдей операция жасалмайды. Неге десеңіз, операцияға келген қыз-келіншектің, айталық құлағы, мұрны өзіне жарасып-ақ тұруы мүмкін. Тек жанындағы құрбысының «Мұрның пұшық немесе құлағың қисық» деген сөзін көңіліне алып, соған бола өзгертуді ойлағандар бар. Сондықтан операция жасамас бұрын келген адаммен психологиялық тұрғыда жан-жақты сөйлесіп, кеңес берілетіні орынды.

Соңғы уақытта қыздар арасында көкі­рек­ті үлкейту де сәнге тіпті дәстүрге айналды десек болады. Ардақты әжелеріміз бен аяулы аналарымыздың тарапынан «жасанды (си­ликон) кеуде бала емізгенде зия­нын тигізбей ме» деген қарсылығы мен қорқынышы басым. Алайда, кері пікір ұстанатын мамандардың айтуынша, «көкіректі ұлғайтатын ар­найы силикондар бар. Олар ресейлік, қы­тайлық, америкалық болып бөлінеді». Осы тұста бөліну себебі, силиконның сапасына байланысты ма деп те тереңнен ойланасың. Ем­шек безінің астындағы үлкен бұлшық етті кесіп, оның астына селикон қояды екен. Уақыт өте келе әлгі силикон теріге сіңіп кетеді. Бірақ, әр нәрсенің жарамдылық мерзімі барын ұмытпағайсыз.                 

Жасанды сұлулық жарға жақпасын деп да­был қағып жүргендер де жетерлік. Десе де, табиғат жаратылысына өзгеріс енгізу – үлкен тәуекел. Адамына қарай заманы болды ма, еліктеушіліктен көз ашпай қаншама мардымсыз дүниенің құрбаны болып келеміз. Қысқасы, қалаған кейіпімізге енеміз деп, табиғат сыйы болып табылатын шынайылығымызды жойып жібермесек болғаны.

Ақерке Сабырқызы

Ұсынған: Әсел Болатқызы

Связанные Статьи