Qamshy.kz ақпарат агенттігінің электрондық поштасына «Қазақ Елі» Халықтық Қозғалысының төрағасы, журналист Қажымұқан Ғабдолланың хаты келді. Қажымұқан Ғабдолла хатын ҚР Премьер-министрі Асқар Маминге жолдапты. Онда Мемлекеттік тілге қатысты еліміздің шенеуніктеріне ренішін білдіріп жазыпты. Ескерте кетейік, автордың пікір редакцияның көзқарасына сәйкес келмеуі мүмкін.
Хат мазмұны төмендегідей:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі – Қазақ тілі. Бұл – еліміздің Ата Заңында нақты белгіленіп, бекітілген. Бұған қосымша-қуаттама ретінде арнайы Тіл туралы заң қабылданған. Қазақстан Республикасының аймағында ресми Мемлекеттік тіл – Қазақ тілі толық қолданылуға тиіс әрі міндетті.
Асқар ҰЗАҚБАЙҰЛЫ!
Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшысы мен Үкімет мүшелері және олардың құзырлы құрылымдары, әсіресе, еліміздің болашақ буындарына тәлім-тәрбие беретін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің лауазымды (әрі қатардағы) басшылары мен қызметкерлері НЕГЕ мемлекетіміздің ең құнды Ата Заңындағы міндеттерді бұзып (тіпті, белден басып), Қазақстан Республикасының ресми Мемлекеттік тілі – Қазақ тілінде құжаттамаларды толық жүргізіп, еркін сөйлемейді?!
Әлде, Қазақ тіліне іштей қарсылықтарыңыз бар ма?
Болмаса, «Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін мойындамаңдар» деген құпия тапсырмалар түсті ме?..
Мұндай ішкі-сыртқы қысымдар көрсетілмесе, сіздерді іңгәлатып дүниеге әкелген аналарыңыз – қазақтың кейуанасы болса, туған анаңызға һәм тіліңізге сатқындық жасайтындай, бастарыңызға не күн туды?!.
Ар-ұят пен намыс-ожданды ысырып былай қойғанның өзінде, Ананың ақ сүтіне адалдық қайда?!.
...Күні кеше Білім және ғылым министрлігінің Бюджетті жосапарлау департаменті директорының орынбасары Жанар Рахметова қазақ мұғалімінің сұрақ-сөзіне: «Я не говорю по казахский. У нас трехьязычие, если что...» – депті...
Біздіңше, Білім және ғылым министрлігінің Бюджетті жосапарлау департаменті директорының орынбасары Жанар Рахметоваға қолданылатын жаза біреу-ақ болуы керек:
- Қызметінен босату.
- Өмірінің соңына дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салу.
- Үлкен көлем, жоғары сомада айыппұл салу (Қолданыстағы заңдарға сәйкес) (Мысалы, 90 (тоқсан) млн теңге шамасында...)
- Қазақ халқынан арнайы (ашық түрде) кешірім сұрату.
Егер дәп осыны жасасақ, ертең бірде-бір адам қазақ тіліне қарсы жарты ауыз сөз айта алмайды. Өйткені, нәпақадан айырылу, лауазымнан ажырау, болашаққа үмітті жоғалту, қыруар қаржы айыппұл төлеу, ақырында, «екі елі ауызына – бес елі қақпақ» қоя алмай, жұрт алдында масқарашылықпен кешірім сұрау – кез келгеннің «сайтанын» қағып алады!
Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова да – ана тәрбиесін, әке тәлімін көрмеген қылық танытып, үнемі басқыншы жұрттың тілінде сайрап жүр...
...Мемлекеттен жалақы алатын мемлекеттік қызметкердің – өзін асырап отырған мемлекеттің тілін білмеуі және сөйлемеуі – жәй ғана салғырттық емес, сол мемлекеттің заңдарын мойындамау болып табылады. Демек, бұл – бұзақылық емес, қатардағы қылмыс та емес; бұл – мемлекеттің тәуелсіздігіне қауіп төндіру, іргесін сөгуге атсалысу.
Ешқандай өрт – бірден лаулап жанбайды, ол алдымен, шырпымен тұтанады. Таза қазақтілді балғын буын қаулап өсіп келеді, бір күні жат елдің тілінде сандуғашқа сайраған шенеуніктердің «ойынынан – от шығып» жүрмесін...
Таяуда ғана мемлекет басшысы Үкімет пен Парламенттің жұмыс тілі – ресми мемлекеттік тіл – Қазақ тілі болуы қажеттігін сала министріне арнайы, қадап айтты. Бірақ, мемлекет басшысының осы сөзін еріндері кезерген бірде-бір шенеунік шымбайына батып, шынайы түсінген жоқ. Әдеттегідей, уақытша бір-екі рет, бір-екі күн қазақша еріндерін жыбырлатты да, күңкілдерін доғара қойды...
Асқар ҰЗАҚБАЙҰЛЫ!
«Әліпті – таяқ деп білмейтін» шұбартіл әріптестеріңізге Сіздің талап қоюға толық құқыңыз бар!
Қазақ мықты да күшті болуы үшін – бірлігі мен бекемдігі болуы керек.
Қазақ рухты да жігерлі болуы үшін – талғамы биік Ана тілінде сөйлеуі керек!
Сізден ойлы қадам, перзенттік адалдық күтеміз!
Құрметпен, Қажымұқан Ғабдолла,
«Қазақ Елі» Халықтық Қозғалысының төрағасы
Оставить комментарий