Маңғыстау облысына арнайы сапармен Қазақстан республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Мемлекет басшысы алдымен Ақтау қаласындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барды. Жұмыс сапары барысында Президент кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсететін орталықтың жұмысымен танысты. Орталық мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік, салық және статистикалық есептер, кедендік рәсімдер, ақпараттық технологиялар бойынша қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету және кәсіпкерлерге құқықтық көмек беру мәселелері жөнінде тегін кеңес беріледі. Сонымен қатар, Президентке «Бастау-Бизнес» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы баяндалды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жобалары: түйе шаруашылығы, репетиторлік орталық, типография, сұлулық салоны, стоматологиялық кабинет, балабақша және басқа да бастамалар таныстырылды.
Ақтаудағы теңіз академиясы да Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан тыс қалмады. Мемлекет басшысы кеме жүргізушілердің, кеме механиктерінің, штурмандардың көп функциялық тренажерлік сыныптары, сондай-ақ, алғашқы медициналық көмек көрсетуге, өртке қарсы және құтқару жұмыстарын ұйымдастыруға арналған дәрісханалары бар академияның көпбейінді материалдық-техникалық базасын аралап көрді. Студенттермен бейресми әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи стандартқа сай сапалы әрі арнайы білім алудың маңыздылығын атап өтіп, олардың оқуда табысты болуына тілектестік білдірді. Университет студенттері өскелең ұрпақ мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, Жастар жылы аясында мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына да барды. Сапар барысында Мемлекет басшысына Ақтау теңіз портының қазіргі жұмыстары, Каспий теңізі арқылы өтетін жүк тасымалын арттырудың перспективалары, сондай-ақ Ақтау қаласындағы шипажай аймағының инфрақұрылымын дамыту жөнінде мәлімет берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев өндірістік міндеттерді толыққанды орындауға, соның ішінде жүк тасымалы операцияларын жүргізуге, кемелерді айлаққа қоюға және қызмет көрсетуге септігін тигізетін порттың техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Ақтау халықаралық теңіз сауда портының жаһандық көлік дәлізінің қиылысында орналасуы, жылына 17,7 миллион тонна құрғақ жүктерді, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдауға мүмкіндік беретінін баяндады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының жұртшылығымен де кездесті. Басқосуға облыстық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес секторлар мен бизнес қоғамдастығының, сондай-ақ ғылыми-педагогикалық зиялы қауым өкілдері және облыс жастары қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жасаған сапарының маңыздылығын айтып, тарихтың аса жауапты сәттерінде маңғыстаулықтардың ел басшылығына әрдайым қолдау көрсеткенін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген жетістіктеріне арнайы тоқталды.
– Баршаңыз білесіздер, Елбасы тарихи шешім қабылдап, Қазақстан өркендеудің жаңа сатысына қадам басты. Біз Тұңғыш Президент айқындап берген стратегиялық мақсат-міндеттерді жүзеге асыруды одан әрі жалғастыра береміз. Осы жылдар ішінде егемен еліміздің саяси басқару жүйесінде сабақтастық дәстүрді қалыптастырдық. Елімізді одан әрі ілгерілетіп, дамыту – біздің алдымызда тұрған маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті экономика өсімін қамтамасыз етудің, жаңа жұмыс орындарын ашудың, халықтың табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартудың маңыздылығын айтты.
– Тек мұнай саласына ғана сеніп, өмір сүруге болмайды. Қазіргі заманда бұл тиімсіз. Инвестиция – экономикалық өсім мен өңірдің әл-ауқатын арттырудың негізі. Еркін экономикалық аймағымыз, соның ішінде «Ақтау теңіз порты» еркін экономикалық аймағы инвестиция тарту әлеуетіне ие. Сондай-ақ, туризмді дамыту ісі еліміздің перспективасы зор екенін көрсетеді. Бұл салада Маңғыстау облысының бірқатар нақты басымдықтары бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында Қазақстан Президенті Үкіметке, министрліктерге, әкімдіктерге, даму институттарына ұлттық экономика өсімін қамтамасыз етуге, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге, кадрлар іріктеу жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ қоғаммен тиімді қатынас орнатуға бағытталған бірқатар нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу жөніндегі шешімін қолдағаны үшін кездесуге қатысушыларға алғыс білдіріп, баршасына табыс және амандық тіледі.
Оставить комментарий