Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жыл басынан бері 35 қылмыстық істі тергеп, сотқа жіберді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24» тілшісіне сілтеме жасап.
Былтыр Петропавл қаласының Жамбыл Жабаев көшесінің жарықтандыру жүйесін жаңартуға 230 млн теңге жұмсалған. Алайда Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері оның 44 миллионын есептеп шығара алмаған.
«44 млн-ның ішіндегі 21 миллионына жобалық-сметалық құжаттарда орнатылуы тиіс құралдардың орнына басқа құралдар орнатылған. Бағасы төмен. Ол – 21 млн. Қалған сомаға істелуі тиіс жұмыстар істелмеген», - деді облыстық Экономикалық тергеу департаментінің бастығы Нұрымжан Абатов.
Ал Петропавл халықаралық әуежайы Қазақстан мен Ресейдің 15-аймақаралық ынтымақтастық форумы қарсаңында күрделі жөндеуден өткен болатын. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 1,1 млрд теңге бөлінді. Бірақ қаржының бір бөлігі қолды болған. Нақтырақ айтсақ, 68 млн теңге жоқ. Бұл ақшаға құжатта көрсетілген қондырғылар қойылмаған. Осы жайтқа байланысты кәсіпкерлер тексеруші тәуелсіз сарапшыларға пара береміз деп ұсталды. Олар мәселені оңтайлы шешу үшін 500 мың теңге ұсынған.
Екі кәсіпкер мемлекетке 68 млн теңге қайтарып берді. Сотта олардың кінәсі дәлелденіп, әрқайсысы 6 жыл шартты түрде жаза алды.
Биыл Экономикалық тергеу департаментімен тергелген қылмыстық істердің сотқа жетуі 20%-ға артып отыр.
Ұсынған: Маржан Сәбет
Оставить комментарий