Жастар жылы аясында жамбылдық жастар да тың бастамаларды қолға алып, жарқын жобаларымен жұртшылықты сүйсінтуде. Мәселен, Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері аймақтағы биік шыңдарға шығып, еліміздің өзге өңірлеріндегі әріптестеріне эстафета ретінде жолдауда. Олар кезекті рет Меркі ауданындағы 4200 метрлік биіктікке көтерілді.
Жастар жылы аясында шыңға шыққан жамбылдық жастардың тағы бір мақсаты атауы жоқ шыңға Халық жазушысы, көрнекті қаламгер Шерхан Мұртазаның есімін беру болатын. Олардың бұл жолғы бастамасына Шымкент қаласының альпинизм федерациясының басшысы Ербол Оразалин, облыстық ұлттық спорт федерациясы «Әулие ата» көкпар командасының аударыспақтан жаттықтырушысы Азат Жұмәділов, облыстық альпинизм және спорттық туризм федерациясының басшысы Нимат Мурсайтов, облыстық скалолаз федерациясының жетекшісі Асланби Сыздықов, сондай-ақ өңірдің альпинистері қолдау білдірді. Олар қар басқан, адам аяғы тимеген шыңға шығу үшін 4 тәуліктерін жұмсаған. Себебі, ешкім басып білмеген әрі қарлы шың қауіпті еді. Сондықтан Құмбел шатқалындағы шыңға көтерілуге ұмтылған топ мүшелері әр қадамдарын аңдап басып, 4200 метрлік нүктеге жетті. Осылайша, осы шыңның ұшар басына Жастар жылының арнайы туын тікті. оған есімін берген. Ендігі жерде Жамбыл ауданы жастарының бастамасымен жұртқа танылған шың Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның есімімен аталады.
– Жастар жылының аясында биік шыңға шығуымыз бекер емес. Себебі, осы арқылы өңір жастарының назарын өзімізге аударып, өз өмірлерінің биігіне ұмтылса екен дейміз. Ал 4200 метрдегі шыңға Шерхан Мұртазаның атын беруіміздің себебі, ол кісі қазақ руханиятынан бөлек қоғамның дамуына да елеулі еңбек сіңірген бірегей дара тұлға. Оның есімі қазақ тарихы мен әдебиетіне алтын әріптермен жазылғаны белгілі. Соған қарамастан Жастар жылында оның атын құзар шыңға берілуін заңды деп есептейміз, – дейді Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Нұрбек Сәкенов.
Айта кетерлігі, осыған дейін Жамбыл ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен замандастарымыз Жастар жылының жариялануына байланысты Т.Рысқұлов ауданы аумағындағы 3200 метр биіктегі «Дегерез» шыңына өрмелеген болатын. Осылайша, аудан жастары «Жас Отан» жастар қанатының сол кездегі төрағасы Данияр Манарбекұлына және жастардың жанашыры, мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихке, көршілес жатқан Шымкент қаласы мен Алматы облысының жастарына өз өңірлеріндегі биік шыңдарға шығуды ұсынып, видео эстафета жолдаған еді. Қазіргі таңда олар да бұл бастаманы қолдап, оң ниет танытып отыр екен.
Бақыт Жалғас
Оставить комментарий