Ағымдағы жылы Жамбыл облысында мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 465,4 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 140 247 шаршы метр көппәтерлі, 325 153 шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысына жатады. Сонымен қатар, өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйлер және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету нысандарына 16,7 миллион теңге қаржы қарастырылған. Ал оның ішінде арендалық үйлерге 5,7 миллиард, кредиттік үйлерге 6,2 миллиард, ал жалпы инфрақұрылымды дамытуға 4,6 миллиард теңге бөлінген.
Жамбыл облысы бойынша бөлінген қаржы есебінен 30 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 14 инженерлік инфрақұрылым жобалары іске асырылады. Жамбыл облысы әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаровтың айтуынша, ағымдағы жылы бюджет есебінен 2095 адам пәтермен қамтамасыз етіледі. Яғни, сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үй салу бойынша биылғы жылы 658 пәтерлі арендалық 9 үйдің құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Мәселен, Тараз қаласында 400 пәтерлі 5 үй, Қордай ауданында 50 пәтерлі 1 үй, Жамбыл ауданында 18 пәтерлі 1 үйдің құрылысы жүргізілген болса, Сарысу ауданында 190 пәтерлі 2 үйге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, 2019 жылы 1460 пәтерлі 21 үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр екен.
Тұрғындарға кредиттік негізде үлестірілетін тұрғын үйлерден 800 пәтерлі 10 үй өткен жылдан өтпелі болса, 660 пәтерлі 11 үйдің құрылысы жуық арада басталатын болады. Тараз қаласында жүргізілетін мұндай тұрғын үйлердің құрылысына 6,2 миллиард теңге бөлінген.
Тағы бір айта кететін мәселе, аймақта бірыңғай сәулеттік стильде жеке үйлер салу жобасы бойынша Тараз қаласында 255 үйдің құрылысы басталып кетті. Бұл тұрғын үйлердің бәрі де ағымдағы жылы өз иелеріне табысталатын болады деп күтілуде.
Дулат Айтбай
Оставить комментарий