Жамбыл облысында Жастар жылына орай көптеген шаралар қолға алынып, жастарды қолдау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды дамытуға республикалық бюджеттен 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 329 жасқа қайтарымсыз грант ретінде 166,1 миллион теңге қаржы бөлінді. Әрқайсысына 505 мың теңгеден келеді.
Одан бөлек, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 3 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік грант беруге облыстық бюджеттен 303 миллион теңге, республикалық бюджеттен 21 миллион теңге, жалпы 324 миллион теңге қаржы бөлінді.
Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен Тараз қаласы мен аудандарда арнайы комиссиялар құрылып, кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген жастардың базасы жасақталып, ол жерге 300-ге жуық жас енген.
Жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау білдіріп, көмектесу шаралары мұнымен шектелген жоқ. Мәселен, биылғы жылы жастарды кәсіпкерлікке оқыту бағытында да біршама жұмыстар қолға алынуда. Атап айтсақ, 600-ден астам жасты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 200-ге жуық жасты шағын несиемен қамту мәселесі де назарда тұр. Осылайша, жастардың бойындағы кәсіпкерлікпен айналысуға деген ынта мен осы сала бойынша білімін шыңдауға жіті мән берілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жүйелі түрде жүргізілетін болады.
Жамбыл облысында кәсіпкерлікке бейімі бар осал топтағы жастарға бағытталған «Zhas Projeсt» жобасы аясында жалпы 206 жоба іске асырылғанын ерекше атап өткен жөн. Соның нәтижесінде облысқа 400 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылды. Ал жеңімпаз атанған жобалардың 77-сі облыс орталығынан болса, 129-ы аудандар мен ауылдық елді мекендерден шықты.
Жастарға әртүрлі сала бойынша ақпараттық көмек көрсетудің де маңыздылығы зор. Осы мақсатта өткен жылы Басқарма тарапынан ақпараттық автокеруен ұйымдастырылып, барлық аудан орталықтары мен елді-мекендерінде болған керуен 7 мыңға жуық жасты қамтыған.
Дулат Айтбай