Жамбылдық жастар маусымдық еңбекпен қамтылуда

/uploads/thumbnail/20190531093948765_small.jpg

Биылғы жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы қазақстандықтарға, сонымен қатар әсіресе жамбылдық жастарға үлкен серпіліс әкелген болатын. Себебі, бұл жастарды қолдау бағытындағы көптеген бастамаларға себеп болары сөзсіз еді. Расында да, жергілікті жерлерде біраз шаруалар қолға алынып, арнайы жобалар жүзеге аса бастаған болатын. Мақсат айқын болғандықтан межелі шаруалардың басын қайыру да қиынға соқпасы анық. Оның үстіне бұл жастарға қатысты мәселе болғандықтан кез келген істің белсенділікпен жүзеге асатыны айтпаса да белгілі.

  Жалпы, мемлекеттік жастар саясатын қолдаудың республикалық жол картасы бекітілгені баршаға аян. Осы жол картасы аясында жастарды жұмыспен қамтуға, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндіктер қарастыруға, т.б. шараларға басымдық танытылған.

  Осылардың ішінде жастарды маусымдық еңбекпен қамту мәселесіне ерекше тоқталып өтсек. Жалпы, жастарды маусымдық жұмыспен қамтамасыз ету де маңызды шаралардың бірі екені анық. Себебі, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруына көмектесу, оларды еңбекке баулу, жұмыс істеу арқылы өз қажеттіліктеріне қаржы табуына қолғабыс болу – жастар үшін үлкен қолдау. Осындай игі шараларды ұйымдастырудан Жамбыл облысы да кенде емес. Мысалы биыл 1 мыңнан астам жасты «Жасыл ел» еңбек жасағы сапында маусымдық еңбекпен қамтуға 73,0 миллион теңге бөлінген екен. Оның 48 миллион теңгесі республикалық бюджеттен болса, 25 миллионы жергілікті бюджеттен қаралған. Жасыл елдік жастардың күші Тараз қаласындағы иесіз су жүйелерін, яғни каналдарды тазартуға жұмылдырылып, олардың орташа еңбекақысы 60 мың теңгені құрады. Бұл жұмыстар басталып кетті. Сол сияқты, 300-ден астам өңір жастарын құрылыс нысандарында маусымдық жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл бағытта да нақты жұмыстар атқарылып жатыр.

  Жалпы, биылғы жылы жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға басымдық беру көзделген. Мәселен, жергілікті әкімдермен бірлесе отырып бекіткен межелік көрсеткіштер бойынша 10 мыңнан астам жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылатын болады. Бұдан бөлек, Кәсіпкерлер палатасымен бірігіп жастарды «Бизнес бастау» жобасына оқыту жұмыстары қолға алынып отыр. Ағымдағы жылы 605 жасты қамту жоспарланды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

Дулат Айтбай

Связанные Статьи