Елбасының Жарлығымен жарияланған биылғы «Жастар жылы» Қазақстанның барлық өңірлерінде қызу қолдау тауып, игі бастамаларға ұласып жатқаны белгілі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен «Жастар жылына» орай арнайы Жол картасы бекітілген. Соның негізінде барлық уәкілетті органдармен талқылана отырып, 2019-2020 жылдарға арналған өңірлік Жол картасы қабылданды.
Жол картасында жастарды еңбекпен, сапалы біліммен қамту, жас кәсіпкерлерді қолдау, білікті мамандар даярлау, жастардың бос уақытын тиімді үйлестіру, волонтерлықты дамыту және басқа да маңызды шаралар қарастырылған.
Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, облыста тиісті мүдделі органдар арқылы жастар саясатын жүзеге асыруға 2018 жылы 574,6 миллион теңге бөлінсе, ағымдағы жылы 892 миллион теңге қаралды. Оның ішінде облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасына – 174,7 миллион теңге, аудандар мен Тараз қаласына − 476,9, Қазақстан халқы Ассамблеясына − 26,6, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына − 204,9, дене шынықтыру және спорт басқармасына − 1,0, білім басқармасына − 2,7, туризм басқармасына − 5,2 миллион теңге қарастырылған.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 60 миллион теңгеге 31 бағытта әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылды. Өткен жылы 26 бағытта қолға алынған жобаларға 64,7 миллион теңге қаралған болатын.
«Жоспарланған шаралар барлық аудандарды толық қамтуға бағдарланған әрі жергілікті әкімдіктердің жоспарлары соған сәйкестендірілген. Ал бұл бағытта іске асқан іс-шаралар уақытылы, яғни белгіленген мерзімдеріне сәйкес жүзеге асырылуда», − дейді облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен.
Жастар саясатына қатысты жыл бойы басқа да уәкілетті органдар тарапынан өтетін шаралар желісі әзірленген. Оған 300-ге жуық шара еніп отыр. Жалпы, жастар арасындағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Өңір жастарының мемлекеттік жастар саясатына қанағаттану деңгейі өткен жылы 77,8 пайызды көрсетті.
Дулат Айтбай