Жамбыл облысында жастар саясатын жүзеге асыруға волонтерлар да өз үлесін қосып келеді. Олар қарттар үйі, жалғызбасты қарттардың және мүмкіндігі шектеулі жандардың шаруашылығына ұдайы көмектесіп отырады. Сондай-ақ, республикалық, облыстық қоғамдық-саяси ауқымдағы шараларға белсенді араласуда.
Биылдан бастап волонтерлардың әлеуеті қайырымдылыққа, мұқтаж отбасыларына нақтылы көмек көрсетуге бағытталған. Облыста 2 мыңға жуық еріктілер дерекқоры жасалып, бұл жұмыстарды жүйелендіру мақсатында облыс әкімдігінің Қаулысымен «Қамқор» волонтерлық-қайырымдылық жобасын іске асыру жөніндегі Жоспар бекітілген болатын. Осы жобаның шеңберінде облыстағы аз қамтылған, тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж отбасылардың әлеуметтік жағдайын анықтап, сараптау жұмыстарын жүргізу, қажеттіліктеріне қарай жүйелі түрде жан-жақты қолдау көрсету, әлеуметтенуіне ықпал ету қаралғанын ерекше атап өтуге болады.
Жамбыл облысында 1800 волонтер бар. Олардың 550-і Тараз қаласында болса, 1250-і аудандарда. Жоспарға сәйкес осы волонтерлар арнайы әзірленген әлеуметтік сауалнама толтыру мақсатында облыстағы 250 мыңнан астам отбасын аралауды жоспарлаған. Нақтылай кететін болсақ, Тараз қаласындағы 89 299 және аудандарда 165 232 отбасы. Жалпы 218 736 отбасын аралап, 77 385 отбасына сауалнама толтырылған. Енді толтырылған осы сауалнамалар арнайы әзірленген дерекқорға енгізілуде. Қорытындысы бойынша анықталған мұқтаждықтар саралана отырып, әр аудан, қала, облыстық әлеуметтік карта әзірленетін болады.
Жоба аясында, сондай-ақ Тараз қаласында 3 қайырымдылық дүкен ашылды. Барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген бұл дүкендер арқылы жыл басынан бері 752 отбасына 3 тоннаға жуық киім-кешек үлестірілді. Бұдан бөлек, халық көп шоғырланатын 5 сауда орнында арнайы жәшік орнатылды. Сонымен қатар, жоба аясында волонтерлардың ықпал етуімен облыс бойынша 609 отбасына 3,2 миллион теңгеге азық-түлік түрінде көмек көрсетілді. Осылайша, облыс волонтерлары қайырымдылық шараларын іске асыру бағытында біраз шаруаның басын қайырды. Олардың көмегін, сондай-ақ жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да сезінуде. Себебі, шаруашылығына ұдайы көмектесіп отырады.
Дулат Айтбай