Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2019 жыл – «Жастар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай, еліміздің барлық өңірлерінде жастарға арналған түрлі бастамалар қолға алынып, игі шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде, әсіресе жастарды жұмыспен қамту мәселесіне тоқталар болсақ, бұл бағытта Жамбыл облысында да атқарылып жатқан шаруалар аз емес екеніне көз жеткізуге болады.
Жамбыл облысындағы жастар жергілікті халықтың 21,2 пайызын құрайды. Яғни, облыста барлығы 239 151 жас болса, олардың ішінде қалада тұратыны 89 577 адам, яғни 37,5 пайыз, ауылдық елді мекенде 149 574 адам, яғни 62,5 пайыз. Жалпы, жастардың 92 424-і білім алса, 6 935-і жұмыссыз жастар,
19 132 NEET жастар, 57 400-і өз бетімен жұмыспен қамтылғандар және
63 260-і түрлі салада жұмыс жасайтындар.
Облыс бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2018 жылы 2,9 пайызды құрады. Республика бойынша бұл көрсеткіш − 3,8 пайыз. Бұл басқа өңірлермен салыстырғанда ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Жалпы, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы тарапынан жастарды әлеуметтендіруге басымдық беріліп, осы бағытта тиісті уәкілетті органдармен және Тараз қаласы мен аудан әкімдері арасында нақты межелер айқындалған 11 индикаторлық көрсеткіштер белгіленген. Оның жетеуі жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға бағытталған. Олар ваканттық бос жұмыс орындарына; «Жастар тәжірибесіне»; әлеуметтік жұмыс орындарына; ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту, кәсіби оқудан өткізу, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, шағын несиелендіру болып табылады. Биылғы жылы 11 мыңға жуық жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылмақ. Ағымдағы жылдың 1 мамырына 4 мыңға жуық (нақты саны 3905) жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Олардың 1429-ы ваканттық бос жұмыс орындарына орналасса, 65-і қысқа мерзімді кәсіби оқытуға, 1394 түлек жастар тәжірибесіне, 241-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 619-ы ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданды. Ал, 152 жас «Бизнес-бастау» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға жолданып, 5-еуі өткен жыл қаржысы есебінен шағын несие алды. Жалпы, биыл өңірде 12 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, оған 175 жас тартылған. Нәтижесінде 38 жас жолдамаға ие болды. Осылайша, жастарды жұмыспен қамту бағытында біршама нәтижелі жұмыстар атқарылуда деуге болады. Ал «Жастар жылы» ретінде жарияланған биылғы жыл оң өзгерістерге толы боларына сенім мол.
Дулат Айтбай